Қант зауыттарында қант өндірісі үздіксіз жүріп жатыр

Қант зауыттарында қант өндірісі үздіксіз жүріп жатыр

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ҚР Премьер-Министрдің орынбасары –  Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ішкі нарықты қантпен қамтамасыз ету мәселесі туралы хабарлады.

Сауда нысандары мен тұрақтандыру қорларында шамамен 31 мың тонна көлемінде қант қоры бар.
Сонымен қатар, қант өндірісі үздіксіз жүріп жатыр. Зауыттарда өңдеуге арналған 29 мың тонна қант шикізаты бар, тағы 23 мың тоннасы жолда - 116 вагон бірнеше күн ішінде қазақстандық зауыттарға өңдеуге жеткізіледі.

Жалпы қорларда барлығы 60 мың тоннадан астам қант бар, бұл халықтың қажеттілігін өтеу үшін жеткілікті.

Қазіргі уақытта зауыттардан қант ел өңірлеріне жеткізіліп жатыр. Осылайша, ҚТЖ темір жолдарында 177 вагон бар, оның ішінде - 144 вагон тиісті жеріне жетсе, 33 вагон жолда.

Мамыр айында барлығы 30 мың тоннадан астам қант тиелді, маусым айында зауыттардан 44,8 мың тонна қант жөнелту жоспарланып отыр, олар сауда объектілеріне жеткізілетін болады.