Қазақстанның түркітілдес мемлекеттермен тауар айналымы 53,3% - ға өсті

Қазақстанның түркітілдес мемлекеттермен тауар айналымы 53,3% - ға өсті

Бүгін, 2022 жылғы 19 мамырда, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице–министрі Қайрат Төребаев Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының депутаттарымен кездесті.

Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әмірхан Рақымжанов қатысты.

Тараптар Қазақстан Республикасындағы пандемиядан кейін шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәселелерді қарастырды.

Қайрат Төребаев атап өткендей Қазақстанның сыртқы саудасы 2021 жылы пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 3,8% - ға ($101,5 млрд.) өсті.

"Түркітілдес мемлекеттер Кеңесі (ТТМК) елдерімен біз белсенді ынтымақтасамыз және сауда өсімінің оң серпіні байқалуда. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында тауар айналымы 53,3% - ға өсіп, $2,8 млрд. құрады (3 ай. 2021 ж. - $1,8 млрд.), - деп хабарлады Қайрат Төребаев.

Қазақстан ТТМК елдеріне 130 тауар позициясы бойынша экспорттық тауарларды жеткізу көлемін $588,1 млн. сомасына өсіруге дайын екендігі аталып өтілді.

"Біз металлургия, мұнай-химия, тамақ, химия, машина жасау, құрылыс тауарлары, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, көлік құралдары салаларының өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар", - дедівице–министр.

Сонымен қатар, Төребаев Қайрат ШОБ мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы айтып берді.

Осылайша, акселерация бағдарламасы ("QazTrade Accelerator") аясында қатысушылар саны 101-ден 190 кәсіпорынға дейін өседі, алтын шоттар саны да 70 компанияға дейін ұлғайтылады. Отандық өңделген өнім экспортын ілгерілету аясында 2021 және 2022 жылдары түркі елдерімен тауар айналымын арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. 2022 жылдың басынан Өзбекстан мен Қырғызстанда 2 сауда-экономикалық миссия ұйымдастырылды.

Қазақстандық тарап ШОБ-тың 12-ден астам сауда-экономикалық миссияға, ұлттық стенд форматындағы 4 халықаралық көрмеге, 10 бейінді көрмеге, сондай-ақ ірі Продэкспо көрмелеріне және Шанхайдағы импорттық тауарлардың халықаралық көрмесіне қатысуын жоспарлап отырғанын атап өтті.

"Экспорттаушылар шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын оңайлату бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде. Мәселен, соңғы түзетулер талап етілетін құжаттар көлемін 40% - ға қысқартуға мүмкіндік берді. Биылғы жылдың жаңалығы it-қызметтерді экспорттаушылар үшін шығындардың бір бөлігін өтеу болды.Осылайша, шикізаттық емес экспорт көлемін қаржылық емес шаралар есебінен $1,1 млрд - қа ұлғайту жоспарлануда", - деді Қайрат Төребаев.

Бұдан басқа, мемлекеттік қолдау шараларын күшейту мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстанның Даму Банкі, өзге де заңды тұлғалар беретін кредиттер мен жасалатын лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы әзірленді. Бұл тетік сауданы қаржыландыру мөлшерлемесін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жаңа нарықтарға шығу мақсатында сыртқы нарықтарға ілгерілету кезінде Экспорттаушылардың шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларына өзгерістер енгізілді, олар мемлекеттік органдарда келісілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар елдерде ШОБ-ті дамытуды қолдау бойынша тәжірибе алмасуға, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға келісті.

 

 

ҚР СИМ баспасөз қызметі