Қазақстандық зертханаларға «Үздік сынақ» көтермелеу марапаты берілді

Қазақстандық зертханаларға «Үздік сынақ» көтермелеу марапаты берілді

Бүгін, 2021 жылғы 7 желтоқсанда ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов аккредиттелген сынақ  зертханаларға марапаттар тапсырды.

 

Нұр-Сұлтан қаласында «Алтын сапа» Президент сыйлығының «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызметтер көрсететін үздік кәсіпорын» және «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» төрт номинация бойынша жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.  

Іс-шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр Асқар Мамин, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, сондай-ақ ҚР Парламентінің депутаттары, республиканың орталық мемлекеттік органдары мен кәсіпорындарының басшылары қатысты.

 

Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс және «Қазақстанның Үздік Тауары» республикалық көрме - конкурсы шеңберінде ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Үздік сынақ» көтермелеу наградасы беріледі.

Сынақ зертханалары үшін «Үздік сынақ» аккредиттелген сынақ зертханаларының сәйкестігін бағалау саласындағы қызметті жетілдіруге ынталандыру және аккредиттеу субъектілерінің қызметін танымал ету мақсатында тапсырылады.

Осы жылы көтермелеу марапатына екі аккредиттелген зертхана – «Қазақстан өнеркәсіпке қолдау институты» ЖШС және «Agro Lab» ЖШС ие болды.

 

«Қазақстан өнеркәсіпке қолдау институты» (зертхана) ГОСТ ISO/IEC 17025-2019 талаптарына сәйкес аккредиттелген және аккредиттеу субъектілерінің тізілімінде № KZ T.10.1788 тіркелген. Зертхананың қызметті жүзеге асыру үшін тиісті ресурстары: білікті персонал, үй-жайлар, жабдықтар және материалдық ресурстар бар.

«Agro Lab» (зертхана) ГОСТ ISO/IEC 17025-2019 талаптарына сәйкес аккредиттелген және аккредиттеу субъектілерінің тізілімінде № KZ T.15.2360 болып тіркелді.

«AgroLab» сынақ зертханасы аккредиттеудің барлық критерийлеріне жауап бере отырып, қазіргі заманғы жабдықтармен, жаңғыртылған үй-жайлармен және жоғары білікті қызметкерлермен жабдықталғанын атап өткен жөн. Зертхана өз жұмысында алдыңғы қатарлы технологияларды, жаңа құралдар мен жабдықтарды қолданады, өз мамандарының біліктілік деңгейін үнемі арттырып отырады және өзін Солтүстік Қазақстан өңірінде ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша да үлгілі-көрнекті зертхана ретінде танытты.

 

Марапат туралы. Аккредиттелген зертханалар арасында сәйкестікті бағалау саласындағы «Үздік сынақ» көтермелеу наградасы «Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурсқа қатысушылардың материалдарын ресімдеу, ұсыну және алдын ала бағалау қағидаларын және «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік және республикалық көрме-конкурстарына ұсынылатын материалдар мен өнімді ресімдеу, ұсыну және алдын ала сараптамалық бағалау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 31 шілдедегі №1167 қаулысына сәйкес әзірленді.