Бақыт Сұлтанов Сауд Арабиясы Корольдігінің Инвестиция министрі Халида Әл-Фалихқа өзара тиімді ынтымақтастықты ұсынды

Бақыт Сұлтанов Сауд Арабиясы Корольдігінің Инвестиция министрі Халида Әл-Фалихқа өзара тиімді ынтымақтастықты ұсынды

Бүгін, 2021 жылғы 26 қыркүйекте, Нұр-Сұлтан қаласында АХҚО алаңында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың Сауд Арабиясы Корольдігінің Инвестициялар министрі Халид Әл-Фалихпен екі жақты кездесуі өтті.

Бақыт Сұлтанов пен Халид Әл-Фалих түрлі салалардағы қатынастарды дамыту жөніндегі Қазақстан-Сауд үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) тең төрағалары болып табылады.

Ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстан Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман телефон арқылы сөйлесті.

Сол кезде ҚР Сауда және интеграция министрі айтып өткендей, «Біздің көшбасшылар екі жақты ынтымақтастықтың көптеген мәселелері бойынша, әсіресе сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті».

Осыған байланысты, Сауда және интеграция министрі жылдар бойы өткізілмеген Үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысы мен Қазақстан-Сауд Бизнес-форумының рөлін және екі жақты ынтымақтастықтың ықтимал спектрін жандандыруға және кеңейтуге көмектесетінін атап өтті.

Сонымен бірге, идеясы екі елдің басшылығымен қолдау тапқан Қазақстан-Сауд Үйлестіру кеңесі де бар.

ҮАК және инвестициялық форум 26 және 27 қыркүйекте өтеді.

«Қазақстан мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, тау-кен металлургия кешені, жаңартылатын энергия көздері, туризм салаларындағы жобаларға Сауд Арабиясынан ірі компанияларды тартуға мүдделі», - деді Бақыт Сұлтанов.

Әңгіме барысында ол Қазақстанда инвестициялық саясат түбегейлі өзгергенін айтып, өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегін қарастыруды ұсынды.

Бақыт Сұлтанов Халид әл-Фатихтан саудтық компанияларды Қазақстан экономикасының кез келген секторларында инвестициялық жобаларды іске асыруға тартуға жәрдем көрсетуді сұрады.

Осылайша, Қазақстан қызықты жобалар ұсынылған «SABIC», «SALIC», «Al Marai» және «SPIMACO» сияқты ірі Сауд Арабиясының компанияларымен ынтымақтастыққа мүдделі.

Қазақстандық тарап, оның ішінде ел басшылығы деңгейінде Сауд Арабиясының компанияларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

Осыған байланысты, Бақыт Сұлтанов серіктес тарапты Сауд Арабиясының инвесторлары үшін бірқатар қосымша жеңілдіктер мен преференцияларды көздейтін Инвестициялық келісім жобасын әзірлеу туралы хабардар етті.