ЕАЭО-ға қазақстандық экспортта ШОБ басым

ЕАЭО-ға қазақстандық экспортта ШОБ басым

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова хабарлағандай, ЕАЭО нарықтарына негізгі қазақстандық жеткізушілер шағын және орта бизнес кәсіпорындары болып табылады.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөйлеген сөзінде Жанель Кушукова Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы ШОБ – тың ЖІӨ-дегі үлесін 2050 жылға қарай 50% - ға дейін жеткізу стратегиялық мақсатын қойғанын еске салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке алдағы бес жылда ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесін 35% - ға дейін арттыруды тапсырды.

"ЕАЭО-ның таяудағы жылдарға арналған даму стратегиясын талқылау кезінде Қазақстан бірлескен өнеркәсіптік кәсіпорындар құру және мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік субъектілері арасындағы байланыстарды нығайту ЕАЭО нарығындағы кедергілерді жою және өзара сауда көлемін ұлғайту үшін қосымша серпін беретінін бірнеше рет атап өтті", - деп хабарлады Кушукова. Ол сондай-ақ ЕАЭО жұмыс істеген 6 жыл ішінде Қазақстандағы бірлескен кәсіпорындар саны 2015 жылдан бастап 6272-ден 13 503-ке дейін өскенін айтты.

Сауда вице-министрінің айтуынша, Қазақстан өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуді ЕАЭО-ны 2025 жылға дейін дамытудың орталық элементі деп санайды.

"Бірнеше күннен кейін өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте президенттер Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырады. Еуразиялық экономикалық одақтың барлық қатысушылары өнеркәсіптік ынтымақтастықты тауарлардың экспорттық желісін сапалы жақсарту құралдарының бірі ретінде бағалайды", - деді ол.