QazTrade Қостанай облысы өңірлік экспорттық кеңесінің отырысын өткізді

QazTrade Қостанай облысы өңірлік экспорттық кеңесінің отырысын өткізді

Қостанай қаласында 50-ден астам экспортқа бағдарланған компаниялардың, облыс әкімінің орынбасары Қойшыбаев Ерлан, «QazTrade» АҚ жобаларды дамыту департаментінің директоры Сағынаев Айбек және KazakhExport компаниясының өкілдерінің қатысуымен Өңірлік экспорттық кеңестің отырысы өтті.

Қостанай облысының экспорт көлемі 2020 жылы 1,3 млрд. АҚШ долл. құрады. Тауарлар мен қызметтер әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Экспорттың негізгі көлемі Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан сияқты елдерге тиесілі.

Өңірдің екі компаниясы («Промбаза 7» ЖШС және «Баян Сұлу» АҚ) Alibaba платформасында ұсынылған: олар халықаралық маркетплейстер арқылы қазақстандық экспортты ілгерілету бағдарламасы аясында «Алтын аккаунт» алды. Өткен жылы Қостанай облысынан экспорттық акселерация бағдарламасына 8 кәсіпорын («Баян Сұлу» АҚ, «ДЕП» ЖШС, «Лидер 2010» ЖШС, «Бест Қостанай» ЖШС, «Аруана-2010» ЖШС, «ТД Аманат» ЖШС, «Молпродукт» ЖШС,  «Компания Саламат» ЖШС) қатысты.

Сондай-ақ, өткен жылы өңірдің 24 экспорттаушы компаниясы экспорттық шығындардың бір бөлігін 909 млн теңгеге өтеу түрінде мемлекеттік қолдау алды.

QazTrade қызметкерлері экспорттаушылар шығындарының бір бөлігін өтеуді алу мүмкіндіктерімен қатар отандық өнімді өндірушілерді қолдаудың қаржылық емес шаралары туралы да  хабарлады: компанияның диагностикасы мен оның экспорттық мүмкіндіктерін бағалаудан бастап сапалы талдау мен консалтингтік қызметтерді ұсынуға дейін. Мысалы, «Экспорттық акселерация» бағдарламасы аясында Азық-түлік өнеркәсібінің 35 компаниясы Қытай нарығына шығуға дайын болды. QazTrade қызметкерлері халықаралық сарапшылармен бірге бизнес өкілдерін Қытай нарығымен жұмыс істеудің «қыр-сырына» үйретіп қана қоймай, ҚХР-да қазақстандық өнімді сатып алушыларды табуға көмектесті.

Осы жылы Qaztrade сондай-ақ «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС және «Қазақинвест»АҚ сияқты ұлттық компаниялармен бірлесіп экспортқа бағдарланған жобаларға инвестициялар тартуға жәрдем көрсетуге дайын.

Барлық бизнес-процестерді цифрландыру шеңберінде экспорттаушыларды қолдаудың барлық қызметтері биылғы жылдан бастап онлайн режимге көшірілді.

«Енді кәсіпкерлерге мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ, тек бірыңғай export.gov.kz портал-терезені пайдалану жеткілікті. Егер сізде жедел сұрақтар туындаса-@exportgov телеграм-арнасы және @qaztradebot телеграм-бот сізге қызмет көрсетеді. Бот сізге мынадай тақырыптар бойынша ақпаратты тез табады: «Экспорттық акселерация» бағдарламасына қалай кіруге болады, шығындардың өтемін немесе басқа да қаржы қолдау шараларын алу туралы, басқа елдердің маркетплейстеріне немесе мемлекеттік сатып алуларына қалай шығуға болады. Осы жерде сіз өтінішіңізді қалдыра аласыз немесе сұрақ қоя аласыз», - деді Сағынаев.

Кездесу аясында облыс кәсіпкерлері көптеген сұрақтар қойды. Сонымен қатар, шығындардың бір бөлігін өтеу рәсімдерін жетілдіру бойынша белсенді талқылау жүргізілді. Сондай-ақ, оларды Сауда және интеграция министрлігінің ЕАЭО елдерінің нарықтарындағы біздің тауарларымызға кедергілерді жою жөніндегі жұмысы, Еуразиялық одақ пен Қазақстанның техникалық регламенттерін жаңарту да қызықтырды.