
Қазақстанда трансшекаралық сауда-логистикалық хабтарды құру жұмысы біртіндеп жобалау кезеңінен нақты нәтижелерге көшуде. Бүгінде әңгіме тек шекара маңындағы инфрақұрылымды қалыптастыру туралы емес, сонымен қатар өндірістік нысандар салу, инвестиция тарту, жаңа логистикалық қуаттарды іске қосу және алғашқы жүк ағындарын қалыптастыру туралы болып отыр. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанның Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай және Каспий өңірі елдерімен сауда байланыстарын нығайтуға тиіс бес негізгі хаб бойынша жұмыстынуда. Оларды дамыту бизнес үшін логистиканы жеңілдетіп, шикізаттық емес экспорт көлемін 30%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бұл бағыттағы динамика шығыс бағытында айқын көрінеді. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да жобалар саны 2022 жылдан бері 14-тен 69-ға дейін өсті, ал тартылған инвестициялар көлемі 340 млрд теңгеден 652,8 млрд теңгеге дейін артты. Қазіргі уақытта мұнда 75 млрд теңгеге 40 жоба іске асырылып жатыр. Олар 864 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында инвестиция көлемі 9,3 млрд теңгені құрайтын және 230 жұмыс орнын ашатын тағы 9 жаңа қатысушы тіркелді. Осы кезеңде өндірілген өнім көлемі 12,7 млрд теңгеге жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 74%-ға артты.
«Қорғас» инфрақұрылымының өзі де өзгеріп келеді. АЭА аумағында жылына 540 мың контейнер қабылдай алатын құрғақ порт және ауданы 25 мың шаршы метр болатын «А» санатындағы қойма кешені жұмыс істеп тұр. Тағы екі ірі логистикалық жоба жобалау кезеңінде. 2028 жылға дейін мұнда 577,7 млрд теңгеге 28 жобаны іске асырып, шамамен 2,8 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Ірі бастамалардың қатарында құны 330 млрд теңгені құрайтын «Қазақстан-Қытай халықаралық индустриялық қаласы» индустриялық паркі және құны 250 млрд теңге болатын халықаралық жүк-жолаушылар әуежайы бар.
Қазақстанның оңтүстігінде де жобалар практикалық іске асыру кезеңіне өтуде. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында ауданы 100 гектар аумақты қоршау жұмыстары аяқталып, ішкі жолдар мен инженерлік инфрақұрылым салынуда. Сыртқы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, қазір іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ішкі инженерлік инфрақұрылымның 55%-ы дайын, жұмыстарды 2026 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар әкімдік сегіз өндірістік ғимараттың құрылысын толық аяқтады. Орталық аумағында іске асырылатын инвестициялық жобалар пулы 89,4 млрд теңге көлемінде қалыптастырылды. Құны 75,3 млрд теңге болатын ірі жобалардың бірі – индустриялық парк бойынша құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Жамбыл облысында Индустриялық сауда-логистикалық кешен жобасы 2026 жылғы сәуірде арнайы экономикалық аймақ мәртебесіне ие болды. Кешенді орналастыру үшін ауданы 165 гектар жер учаскесі белгіленіп, инженерлік желілерге қосу бағдарламасы әзірленді. Биыл бірінші кезектегі қосалқы станцияның құрылысы басталды. Осы мақсатқа қарастырылған 12 млрд теңгенің шамамен 4 млрд теңгесі 2026 жылы бөлінді, қалған қаражатты келесі жылы бағыттау жоспарланып отыр. Сонымен қатар кешеннің аумағы мен инфрақұрылымын дайындау жұмыстары жалғасуда.
Батыс бағытында да белсенді даму жүріп жатыр. Батыс Қазақстан облысындағы «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы 281 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда газбен, электр желілерімен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерімен қоса, сыртқы инженерлік инфрақұрылымның бір бөлігі тартылып болды. Индустриялық аймақта асфальтбетон өндіру, автомобиль шиналарын қайта өңдеу, газобетон бұйымдарын шығару және газтурбиналық электр станциясын салу жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар инвестиция тартуға және өндірісті оқшаулауға қосымша жағдай жасауға тиіс «Еуразия» АЭА-сын құру мәселесі пысықталуда.
Каспий бағытында да өзіндік оң динамика қалыптасып отыр. Ақтау портында Ақтау халықаралық контейнерлік хабының практикалық жұмысы басталды: 2026 жылғы 14 шілдеде алғашқы контейнерлік пойыз қабылданды. Бүгінде 233 контейнер немесе 444 ДФЭ қабылданды. Жоба кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Перспективада бұл порттың контейнерлік жүктерді өткізу қуатын қазіргі 70 мың ДФЭ-ден жылына 240 мың ДФЭ-ге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Каспий көлік торабындағы тағы бір ірі нысан – ЕРСАЙ индустриялық портының контейнерлік терминалы. Оның құрылыс дайындығы шамамен 85%-ды құрайды. Ұзындығы 10 шақырым болатын портішілік теміржол жолдарының құрылысы аяқталды, қазір контейнерлік алаң мен кран асты жолдарын салу жұмыстары аяқталуға жақын. Терминалды 2026 жылғы 1 қазанда пайдалануға беру жоспарланған. Жоба толық қуатына шыққаннан кейін жылына 120 мың ДФЭ-ге дейін өңдеп, жыл сайын 300 кемеге дейін қабылдай алады. Жобаға тартылған жеке инвестициялар көлемі 15 млрд теңгеден асады.
Осылайша, бес трансшекаралық хаб біртіндеп Қазақстан бизнесін көршілес елдердің ірі нарықтарымен байланыстыратын бірыңғай инфрақұрылымдық жүйені қалыптастырып келеді. Кейбір нысандарда өндірістік кәсіпорындар жұмыс істеп тұр, кей жерлерде алғашқы контейнерлік пойыздар қабылдануда, ал бірқатар аумақта инженерлік инфрақұрылымды аяқтап, жаңа нысандардың құрылысын бастау жұмыстары жүргізілуде. Келесі кезең – жобаларды толық қуатына шығару, инвесторлар пулын кеңейту және Қазақстан шекарасы арқылы өтетін сауда мен транзит көлемін одан әрі ұлғайту.