Астанада B5+ITALY платформасы ресми іске қосылды

Астанада B5+ITALY платформасы ресми іске қосылды

18 қыркүйекте Астанада «Орталық Азия + Италия» бизнес-платформасының форумы өтіп, оның аясында B5+ITALY ресми түрде іске қосылды. Алаңда ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалды. Олар – Қазақстанның Италияға шикізаттық емес экспортын ұлғайту, бірлескен өндірістер ашу, өңірлік сауда-логистикалық хабтарды дамыту және тікелей көлік қатынасын кеңейту. Форум жұмысына Италия, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстанның салалық министрліктері басшыларының орынбасарлары, Қазақстандағы Тәжікстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қатысты.

Бүгінде Италия Қазақстанның сыртқы саудасында ерекше орын алады. Ол Қазақстанның әлемдегі үшінші ірі сауда серіктесі және Еуропалық одақ елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 16,9 млрд АҚШ долларын құрады. Оның шамамен 15,6 млрд доллары Қазақстанның экспортына тиесілі.

Серіктестіктің келесі кезеңі сауда көлемін арттырумен ғана шектелмейді. Ендігі міндет – оның құрылымын өзгертіп, өңдеу өнеркәсібі мен жоғары қосылған құны бар тауарлардың үлесін көбейту. Қазақстан Италияға экспортты қосымша 307 млн долларға арттыруға мүмкіндік беретін әлеуеті бар шамамен 100 тауар позициясын анықтады. Олардың қатарында металлургия, химия, тамақ өнеркәсібі, құрылыс және машина жасау салаларының өнімдері бар.

«Біз бұл платформаның италиялық бизнестің Орталық Азия елдерімен тікелей өзара іс-қимылына мүмкіндік беретін практикалық тетікке айналғанын қалаймыз. Бұл сауда мен инвестициядан бастап өнеркәсіптік кооперация, көлік, логистика және жаңа технологияларға дейінгі бағыттарды қамтиды», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Негізгі мақсат – дәстүрлі сауда моделінен бірлескен өндірістік базаны қалыптастыруға көшу. Қазір Қазақстанда италиялық капиталы бар 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Тәуелсіздік жылдарындағы Италия инвестицияларының жалпы көлемі 9,5 млрд АҚШ долларынан асты.

«Біздің міндетіміз – “жеткізуші – сатып алушы” моделінен өндірісті жергілікті жерде орналастыру, бірлескен кәсіпорындар құру, технология трансфері және жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыруды көздейтін тереңірек әріптестікке көшу», – деді Арман Шаққалиев.

Сонымен қатар Шымкент қаласының базасында сауда-өнеркәсіптік хаб құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл хаб арқылы италиялық және қазақстандық тауарларды еліміздің басқа өңірлеріне тарату жоспарлануда.

«Шымкентте сауда-өнеркәсіптік тауарларға арналған хаб құру мәселесі қарастырылып жатыр. Кейін бұл жерден өнімді еліміздің басқа өңірлеріне тарату жоспарланады», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов.

Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – Қазақстан мен Италия арасындағы тікелей көлік қатынасын дамыту. Тараптар тікелей әуе рейстерін ашу мәселесі бойынша жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл іскерлік байланыстар мен туристік қатынастарды дамытуға қосымша мүмкіндік береді.

Келіссөздердің арнайы бөлігі логистика мәселесіне арналды. Қатысушылар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және өңірлік өндірістік әрі логистикалық хабтар құру мәселелерін талқылады. Италиялық бизнес үшін Қазақстан Еуропа мен Азия нарықтарын байланыстыратын маңызды буын ретінде қарастырылады. Инфрақұрылымды дамыту транзит мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, қойма кешендерін, логистикалық орталықтар мен өңірлік тарату алаңдарын орналастыруға жол ашады.

Агроөнеркәсіп кешені де перспективалы бағыттардың бірі болып отыр. Қазақстан астық пен майлы дақылдар экспортын ғана емес, өсімдік майы, ақуыз өнімдері, ұн және басқа да жоғары қосылған құны бар терең өңделген өнімдердің жеткізуді арттыруға мүдделі.

Форум аясында аса маңызды минералдар, жасыл энергетика және орнықты даму, агробизнес, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, энергетика және мұнай сервистері салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Іскерлік байланыстарды дамытудың тағы бір маңызды тетігі – 2026 жылғы ақпанда Алматыда ашылған Қазақстан-Италия сауда үйі.