
Қызылорда қаласында сауда инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Базарларды жаңғырту Жол картасына сәйкес жалпы құны 5 млрд теңге болатын«Сыбаға», «Асбол» және «Талғат» базарларында жаңа сауда үйлерінің құрылысы жүргізілуде.Жаңартылған «Талғат» базары жақын арада қызылордалықтар қолданысына берілсе, қалған нысандағы жаңғырту жұмыстары жыл соңында аяқталады.
Сонымен қатар, өңірдің сауда саласына инвестиция тарту көрсеткіштері де оң динамиканы көрсетіп отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында сауда саласына тартылған негізгі капиталға инвестициялар көлемі 21,6 млрд теңгені құрады.
Кәсіпкерлер арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны негізсіз өсіргені үшін көзделген жауапкершілік бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы алты айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа индексі 101,3%-ды құрап, республикалық көрсеткіштен 0,6 пайыздық тармаққа төмен болды.
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 8 түрі бойынша бағаның төмендеуі байқалды. Атап айтқанда, күріш, қарақұмық жармасы, балық, ірімшік, жұмыртқа, күнбағыс майы, қияр және қызанақ арзандаған.
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және сауда заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Департамент тарапынан тұрақты бақылау жүргізілуде. Алты ай ішінде 113 кәсіпкерлік субъектісіне бақылау іс-шаралары жүргізіліп, оның 86-сынан заң бұзушылықтар анықталды.
Анықталған заң бұзушылықтардың қатарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесін сақтамау, сондай-ақ тауар бағаларын заңнама талаптарына сәйкес ресімдемеу фактілері бар.
Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабына сәйкес 44 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 1 млн 329 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, тиісті нұсқамалар берілді.
Бұдан бөлек, тауар бағаларын заңнама талаптарына сәйкес ресімдемеу фактілері бойынша ӘҚБтК-нің 193-4-бабына сәйкес 42 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 544 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады.