Мемлекеттік сервистерді жетілдіру мәселелері Қоғамдық кеңесте талқыланды

Мемлекеттік сервистерді жетілдіру мәселелері Қоғамдық кеңесте талқыланды

18 маусым күні Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің төрағалығымен Сауда және интеграция мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Іс-шараға Қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтардың, сондай-ақ сарапшылық және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Отырыс барысында ведомство басшылығымен тікелей диалог форматында отандық тауар өндірушілердің, кәсіпкерлік субъектілері мен тұтынушылардың мүдделеріне қатысты маңызды мәселелер қаралды.

Отандық өндірушілерді қолдау: Қатысушылар отандық тауар өндірушілерді салықтық ынталандыру шараларын, оның ішінде жыл бойы жұмыс істейтін заманауи жәрмеңкелік сауда форматтарын дамыту және қазақстандық өнімді қолжетімді бағамен өткізу үшін қосымша жағдайлар жасау жөніндегі ұсыныстарды талқылады. Бизнес өкілдері сауда нарықтарын қолдауға және сауда инфракұрылымын кешенді дамытуға бағытталған бастамаларын жеткізді.

Өнімдерді таңбалау: Май-тоңмай өнімдерін таңбалаудың проблемалық аспектілеріне ерекше назар аударылды. Талқылау аясында тұтынушылардың сатып алынатын тауарлар туралы шынайы ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету, азық-түлік өнімдерін таңбалауға қойылатын талаптарды жетілдіру, сондай-ақ белгіленген нормалардың сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелері қаралды. Қатысушылар адал бәсекелестік ортаны қалыптастырудың және тұтынушыларды өнімнің құрамы мен қасиеттері туралы жаңылыстыруға жол бермеудің маңыздылығын атап өтті.

Жедел әрекет ету: Министрдің тапсырмасымен «е-КТРМ» ақпараттық жүйесіндегі ақаулар жойылуда

Отырыста ең көп талқыланған мәселелердің бірі техникалық реттеудің «е-КТРМ» ақпараттық жүйесінің жұмысы болды. Кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері ЕАЭО сәйкестік сертификаттары мен декларацияларын рәсімдеу кезінде туындайтын бірқатар техникалық іркілістер мен жүйелік қателіктерге назар аударды.

Атап айтқанда, бизнес тарапынан жүйеге кірудегі қиындықтар, құжаттардың ЕАЭО Бірыңғай тізілімінде кеш көрсетілуі, сондай-ақ рұқсат беру құжаттарына қол қою және оларды тіркеу кезіндегі ақаулар туралы ақпарат келіп түсті. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің қосымша шығындарға ұшырауына және жеткізу мерзімдерінің бұзылу қаупіне әкеп соққан.

Талқылау барысында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі тарапынан цифрлық инфракұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды әрі кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Министр бизнес өкілдері көтерген мәселелерге жедел ден қойып, анықталған барлық техникалық кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде нақты әрі шұғыл тапсырмалар берді және «е-КТРМ» жүйесінің жұмысын тұрақтандыру процесін жеке бақылауына алды.

«Қоғамдық кеңес — кәсіпкерлер мен салалық қатысушылар тап болатын өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік беретін тиімді алаң. Дәл осындай форматта біз жүйелі проблемаларды жедел анықтап, практикалық шешімдер тауып, мемлекеттік сервистердің жұмысын бірлесе жетілдіре аламыз. Бизнестен келіп түсетін барлық мәселелер мұқият қаралады», – деп атап өтті Арман Шаққалиев.

Алдағы жоспарлар мен қорытынды

Талқылау қорытындысы бойынша бизнес-қоғамдастықпен өзара іс-қимылды түбегейлі күшейту және мүдделі мемлекеттік органдардың, Ұлттық аккредиттеу орталығының және «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен жүйені жедел мониторингтеу әрі жетілдіру мақсатында арнайы ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Қаралған барлық мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың, салалық бірлестіктердің және бизнес өкілдерінің ұстанымдары тыңдалды. Отырыс соңында мемлекеттік реттеуді жетілдіруге, кәсіпкерлікті қолдауға, бәсекелестікті дамытуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынымдар әзірленді.

Қоғамдық кеңес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылауды қамтамасыз ететін және мемлекет, бизнес пен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен практикалық шешімдер әзірлейтін ашық диалог алаңы ретіндегі қызметін жалғастыруда.