5 маусым күні Астана қаласында «FOC 2026: Fats and Oils Conference» V мерейтойлық халықаралық май өнімдері конференциясы өтеді.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ қолдауымен «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығы» ЗТБ (МДҚӨҰҚ) ұйымдастырады.
Іс-шараға 330-дан астам делегат қатысады. Олардың қатарында 50-ден астам отандық май өңдеу зауыттарының басшылары, салалық министрліктердің, қаржы институттарының, агрохолдингтердің өкілдері, май өнімдерін импорттаушылар, майлы дақылдарды сақтау және өңдеу жабдықтарын жеткізушілер, логистикалық компаниялар мен талдау агенттіктері бар. Атап айтқанда, International Trade Centre, ФАО, БҰҰ, ЕҚДБ, Wilmar, Bunge, Kourosh Food Industry, LAF Technology, Syon Technology, Huatai, Chinese Cereals and Oils Association, China Vegetable Oil Industry Association және басқа да ұйымдар қатысады. Қатысушылар қатарында— АҚШ, Қытай, Еуропа, Балтық елдері, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Қазақстанмен агроөнеркәсіп саласында ынтымақтастыққа мүдделі өзге де мемлекеттер (18 елдің өкілдері қатысуын растады).
Бес жыл ішінде форум май нарығының қатысушылары үшін маңызды диалог және бизнес алаңына айналды. Іс-шара барысында жүйелі сын-қатерлер, нарықтық трендтер, АӨК пен сауданы дамытуға қатысты жоспарланған өзгерістер талқыланып, B2B-келіссөздер өткізіледі.
Өтетін орны: Hilton Astana қонақ үйі, Гейдар Әлиев көшесі, 14.
Қатысушыларды тіркеу уақыты: 08:45–10:00.
Іс-шараның ашылуы: сағат 10:00.
БАҚ аккредитациясы бойынша үйлестіруші: +7 701 749 0200 (Әсел).
Негізгі тезистер:
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған Үкімет қолдауының арқасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда май өнімдерін өндіру мен экспорттау тарихи максимумға жетті: өндіріс көлемі 1,57 млн тоннадан асты, ал экспорттан түскен валюталық түсім 963 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2021 жылмен ($240 млн) салыстырғанда 4 есе жоғары.
Май секторы Қазақстан экономикасының өсуі мен шикізаттық емес экспорттың негізгі драйверлерінің біріне айналды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сала, елдің қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортынан түскен валюталық түсімінің 27%-ын қамтамасыз етті.
2025 жылы күнбағыс майын өндіру көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге өсіп, 752 мың тоннадан асты. Соңғы төрт жылда (2022–2025 жж.) күнбағыс майы импортының орташа үлесі екі есеге төмендеп, бүгінде жалпы өндіріс көлемінің 18%-ынан аспайды. Салыстыру үшін, 2015–2021 жылдары бұл көрсеткіш орта есеппен 39% деңгейінде болған.
Саланың өсуі егіс алқаптарын әртараптандыруға және қайта өңдеу саласын одан әрі дамытуға серпін беруде. Май өңдеу зауыттары тарапынан жоғары сұраныс пен майлы дақылдар өндірісінің жоғары рентабельділігі ел өңірлерінде егіс көлемінің кеңеюіне ықпал етуде. Сонымен қатар кәсіпорындардың өндірістік қуаттары ұлғайып, терең өңделген өнім шығару жобалары жүзеге асырылуда. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға, құс шаруашылығы, мал шаруашылығы, құрама жем және тамақ өнеркәсібі секілді сабақтас салаларды дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік нарықтағы сапалы қайта өңделген өнімнің сенімді жеткізушісі ретіндегі позициясын күшейтуге мүмкіндік береді.
Май өндірісінің артуы және артық өнімді жоғары әлемдік бағамен экспортқа шығару есебінен май саласы үш жылдан астам уақыт бойы ішкі нарықтағы күнбағыс майының көтерме бағасын тұрақты деңгейде ұстап отыр. Бұл шара инфляцияны тежеу мен импорт үлесін азайтуда маңызды рөл атқарады. Мәселен, ФАО деректеріне сәйкес, 2023 жылдың мамырынан 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін әлемдік өсімдік майлары бағасының индексі 39%-ға өсті, ал Еуропа биржаларында күнбағыс майы 47%-ға қымбаттады. Соған қарамастан, Қазақстанда осы кезеңде МДҚӨҰҚ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және ҚР Сауда және интеграция министрлігі арасындағы меморандум шарттарына сәйкес, ішкі нарыққа арналған күнбағыс майының зауыттан шығу көтерме бағасы литріне 730 теңгеден аспады. 2026 жылдың ақпанында МДҚӨҰҚ күнбағыс майы бағасын тұрақтандыру жөніндегі жаңа меморандумға қол қойды, ол 2026 жылдың соңына дейін күшін сақтайды.
Қазақстандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам елінің нарығында сатылады. Негізгі импорттаушылар қатарында Қытай, Орталық Азия елдері және Еуропалық одақ мемлекеттері (Латвия, Эстония, Германия, Дания, Италия, Литва, Польша, Швеция), сондай-ақ Норвегия, Ауғанстан және Иран бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде 6-орында, ал Қытай нарығында 2-орында тұр. Соңғы екі жылда ел Өзбекстан мен Тәжікстанға өсімдік майларын жеткізу бойынша 90%-дан астам үлеспен көшбасшы атанды. Сонымен қатар республика Орталық Азияны күнбағыс шротымен толық қамтамасыз етіп, Еуропалық одаққа осы өнімді жеткізуші ТОП-3 елдің қатарына енді.
Экспорттық әлеуетті іске асыру мақсатында МДҚӨҰҚ International Trade Centre (ITC) ұйымының әдіснамасы, процестері мен техникалық көмегін, сондай-ақ «Ready4Trade Орталық Азия: Транскаспий көлік дәлізі арқылы өркендеуге жол» жобасы аясындағы QazTrade ұйымдық қолдауын пайдалана отырып, 2026–2028 жылдарға арналған май-тоңмай өнімдерінің экспортын дамыту жөніндегі Жол картасын әзірледі. Жол картасындағы мақсатты индикаторлар орындалған жағдайда, 2028 жылдың өзінде валюталық түсім 60%-ға өсіп, 1,5 млрд АҚШ долларынан асады, ал Қазақстан күнбағыс майын жеткізуші әлемдегі ірі төрт елдің қатарында тұрақты орнығады (негізгі мақсат — ТОП-3 қатарына кіру).
Осы бастама аясында өткізу нарықтарын кеңейту және логистиканы жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 2026 жылы Ақтау портында алғаш рет өсімдік майын кемеге тиеу жүзеге асырылды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ қолдауымен Қытай бағытына Достық–Алашанькоу шекара өткелі арқылы астық тасымалдайтын вагондарда түйіршіктелген күнбағыс шротын пилоттық жеткізу басталды. Сонымен қатар 2025 жылдың күзінде ел тарихында алғаш рет Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясына 40 футтық контейнерлердегі флекситанк арқылы күнбағыс майы жөнелтілді. Жүк 4700 шақырымды 12 күнде еңсеріп, контейнерлік тасымалдардың жоғары жылдамдығын дәлелдеді.