
Астанада өткен Еуразиялық экономикалық форум алаңында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің басшылары жасанды интеллектіні жауапты дамыту туралы Бірлескен мәлімдемені қабылдады.
Аталған құжатты әзірлеу бастамасын Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 21 желтоқсанда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында көтерген болатын. Бұл ұсыныс ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің барлығы тарапынан қолдау тапты.
Бірлескен мәлімдеме ЕАЭО елдерінің жасанды интеллект саласындағы практикалық ынтымақтастығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға, озық практикалар мен технологиялық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ экономика салаларында өзара әрекеттестікті нығайтуға бағытталған. Бүгінде ЖИ тиімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңызды факторы болып отыр. Құжатта елдердің ұлттық цифрлық егемендігін ескере отырып, экономикалық және технологиялық әріптестікті дамыту мәселелері де қарастырылған.
Қазақстан цифрлық дамуды жүйелі түрде ілгерілетіп келеді. Жасанды интеллект экономикалық өсудің, өнімділікті арттырудың және бизнес пен азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырылады.
Елде цифрлық технологияларды жан-жақты дамыту саясаты және жарияланған Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында, Астанада ЕАЭО шеңберінде Бірлескен мәлімдеменің қабылдануы Қазақстан Республикасының ілгерілетіп жүрген цифрлық күн тәртібінің өзектілігін көрсетеді.
Жалпы, құжат ЕАЭО аясында ЖИ технологияларын жауапты пайдалану қағидаттарын айқындайды. Бірлескен мәлімдеменің негізгі міндеттеріне тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету, ЕАЭО мемлекеттерінің экономикасының негізгі салаларын цифрландыруды жеделдету, жасанды интеллектіні кемсітусіз әрі этикалық тұрғыдан қолдану, сондай-ақ мүше мемлекеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру кіреді.