Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі А.Шаққалиевтің Еуразиялық экономикалық форум аясында Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Н.Нямтайширынмен кездесуі

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі А.Шаққалиевтің Еуразиялық экономикалық форум аясында Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Н.Нямтайширынмен кездесуі

Келіссөздер барысында Қазақстан мен Моңғолия тараптары сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және бірлескен жобаларға инвестиция тарту мәселелерін талқылады.

Тараптар өзара сауда көлемін одан әрі арттырудың маңызын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 133 миллион АҚШ долларынан асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 8%-ға өсті.

Кездесуде бағалы металдарды өңдеу, агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан тарапы металлургиялық шикізатты өңдеу және алтынды аффинаждау бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін растады. Сонымен қатар Моңғолия нарығына май өңдеу саласының өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайтуға мүдделілік білдірді.

Өз кезегінде Моңғолия тарапы арнайы экономикалық аймақтар, өнеркәсіптік өңдеу және көлік-логистика байланыстарын дамыту бағыттарында Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытты.

Сондай-ақ Моңғолия тарапы ет өнімдерін өңдеу және халал стандарттарын енгізу саласындағы ынтымақтастыққа ерекше қызығушылық білдірді. Мұндай жобаларды арнайы экономикалық аймақтар аумағында жүзеге асырып, дайын өнімді сыртқы нарықтарға экспорттауға болатыны атап өтілді.

Осы тұрғыда тараптар көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды дамыту, өңірдің транзиттік әлеуетін кеңейту, оның ішінде Моңғолия аумағы арқылы Қытай бағытына жаңа теміржол тармақтарын дамыту, сондай-ақ Орталық Азия мен Моңғолия арқылы өтетін трансөңірлік логистикалық тізбектерге қатысу мәселелерін жеке талқылады.