Астанада өткен Еуразиялық экономикалық форумда ЕАЭО елдеріндегі цифрлық таңбалау мәселелері талқыланды

Астанада өткен Еуразиялық экономикалық форумда ЕАЭО елдеріндегі цифрлық таңбалау мәселелері талқыланды

Бүгін Еуразиялық экономикалық форумның іскерлік бағдарламасы аясында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйелерін дамытуға арналған панельдік сессия өтті. Талқылауға Қазақстан, Ресей, Армения және Қырғызстаннан мемлекеттік органдардың, ұлттық таңбалау операторларының және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Сессия модераторы Қазақстан Республикасының Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторының бас директоры Бикеш Құрманғалиева болды. Талқылауды аша отырып, ол цифрлық таңбалаудың ЕАЭО кеңістігінде ашық әрі қауіпсіз тауар айналымын қалыптастырудың негізгі құралдарының біріне айналғанын атап өтті.

«2018 жылы тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімге қол қойылған сәттен бастап Одақ елдері айтарлықтай кезеңнен өтті. Бүгінде таңбалау мемлекет үшін де, бизнес үшін де өзінің тиімділігін дәлелдеді деп сеніммен айтуға болады», – деп атап өтті Бикеш Құрманғалиева.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіповтың баяндамасы Қазақстанда таңбалауды енгізу нәтижелеріне және жүйені одан әрі дамыту жоспарларына арналды.

Нүсіповтің айтуынша, бүгінде Қазақстанда алты тауар тобы таңбалауға жатады: темекі өнімдері, аяқ киім, дәрілік заттар, киік мүйіздері, сыра және мотор майлары. Биыл жеңіл өнеркәсіп тауарларын, биологиялық белсенді қоспаларды және зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу жоспарланып отыр.

«Таңбалауды енгізу қарқыны бойынша біз кейін қалып отырған жоқпыз. Бұған дейін алғашқы үш тауар тобы іске қосылған мерзімдермен салыстырсақ, қазіргі нәтижелер өте лайықты деңгейде. Қамту бар, жалпы жүйе жақсы нәтиже көрсетіп отыр», – деді Әсет Нүсіпов.

Вице-министр зергерлік бұйымдарды таңбалау мәселесіне ерекше назар аударды. Сарапшылардың бағалауынша, бұл саладағы контрабанда мен контрафакт деңгейі кей жағдайда 90 пайыздан асады. Осыған байланысты цифрлық таңбалау нарықтың ашықтығын және әрбір өнім бірлігінің қадағалануын қамтамасыз етудің тиімді құралы ретінде қарастырылады.

Өз сөзінде Әсет Нүсіпов таңбалауды енгізу қазірдің өзінде нақты экономикалық әсер көрсетіп отырғанын атап өтті. Темекі өнімдерін таңбалау енгізілгеннен кейін Қазақстанда салық түсімдері бір жарым есе, аяқ киім өнімдері бойынша үш есе, дәрілік заттар бойынша екі есеге жуық өсті. Сонымен қатар құқықбұзушылықтарды анықтау көрсеткіші алты есе артты.

«Таңбалау экономикаға оң әсер етіп, мемлекеттің кіріс базасының өсуіне ықпал етеді. ЕАЭО аясында бірыңғай бәсекелестік кеңістік, тауар қозғалысының ашық қағидалары және бизнес жүргізудің тең жағдайлары қалыптасып келеді», – деп атап өтті Әсет Нүсіпов.

Вице-министр алдағы жоспарларда тұрмыстық химия мен косметиканы, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және өсімдік майларын таңбалауды енгізу бар екенін айтты. Нүсіпов атап өткендей, мемлекет бизнесті алдағы өзгерістер туралы алдын ала хабардар етуге ұмтылады, бұл реттеудің ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі Алқа мүшесі, министр Андрей Слепнев те таңбалау жүйесі бүгінде бизнеске процестерді тиімдірек құруға және тұтынушылық сұранысты жақсырақ түсінуге мүмкіндік беретін үлкен деректердің елеулі массивін қалыптастырып отырғанын атап өтті.

«Бүгінде біз тұтынушылар арасында қандай тауар санаттары сұранысқа ие екенін және қай өңірлерде сұраныс жоғары екенін түсініп отырмыз. Мұның бәрі сауда шығындарын азайтуға ықпал етеді», – деді Андрей Слепнев.


Сондай-ақ ЕЭК министрі ЕАЭО елдері барлық бес елдің таңбалау операторлары арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін өзара іс-қимылдың ортақ процесін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Панельдік сессия барысында Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы және Армения Республикасынан мемлекеттік органдардың, таңбалау операторларының, сондай-ақ бизнес өкілдері цифрлық таңбалауды енгізудегі практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Ресей тарапы таңбалау жүйесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану тәжірибесін ұсынды. Талқылау барысында атап өтілгендей, ЖИ қолдану арқылы деректерді талдау нарықтағы ауытқуларды анықтауға, жалған өндірушілерді табуға және фиктивті компаниялардың тауар айналымына қатысуының алдын алуға мүмкіндік береді.

Қырғызстан өкілдері таңбалау жүйесі деректерін тәуекелдерді талдау және фискалдық бақылау үшін қолдану тәжірибесі туралы айтып берсе, армян тарапы ұлттық таңбалау жүйесін дамыту және оны заманауи цифрлық технологиялармен интеграциялау тәжірибесімен бөлісті.

Сессия қатысушылары таңбалауды енгізіп жатқан барлық елдерде салық жинау деңгейінің айтарлықтай өскені, нарықтың ашықтығы артқаны және көлеңкелі айналым үлесінің қысқарғаны байқалатынын атап өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар ЕАЭО елдері арасында тәжірибе алмасуды одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Ұсынылған практикалар мен технологиялық шешімдер барлық қатысушылар үшін пайдалы деп танылды және Одақ кеңістігінде тауарларды таңбалау мен цифрлық қадағалау жүйелерін одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.