
«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі іс-шаралар жоспары («жол картасы») туралы» Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің 2021 жылғы 19 қарашадағы №10 шешімінің негізінде, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңының 5-бабының 2-тармағына сәйкес, ағымдағы жылдың тамыз айында Еуразиялық үкіметаралық кеңес алаңында «Еуразиялық экономикалық одақтағы тауарлармен жасалатын электрондық сауда туралы» келісімге қол қою жоспарлануда.
Келісімді жасасу электрондық сауданы жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің нарықтарына электрондық саудаға қатысушылардың кемсітусіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі «Еуразиялық экономикалық одақтағы тауарлармен жасалатын электрондық сауда туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының жобасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы жобасын ресми интернет-ресурста, сондай-ақ «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылғаны туралы хабарлайды.
Аталған жобаны «Ашық НҚА» интернет-порталында жария талқылау 2026 жылғы 26 мамыр мен 2026 жылғы 11 маусым аралығында өтеді (сілтеме https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15825542 ).