
Қазақстан биылғы жылдың бірінші тоқсанын сыртқы сауда көрсеткіштерінің қарқынды өсімімен қорытындылады. Іскерлік белсенділікті жоғары деңгейде сақтап, экспорттық әлеуетті кеңейту арқылы елдің тауар айналымы 32,9 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға артты. 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 29,8 млрд АҚШ долларын құраған. Қалыптасқан оң динамика сыртқы экономикалық сектордың тұрақтылығын және қазақстандық экспорт құрылымында жоғары қосылған құны бар өнімдердің үлесі артып келе жатқанын көрсетеді.
2026 жылғы қаңтар–наурыз айларында экспорт көлемі 9,4%-ға өсіп, 18,0 млрд АҚШ долларын құрады. Ал импорт көлемі 14,9 млрд АҚШ долларына жетіп, 2025 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 11,8%-ға ұлғайды. Импорт өсімі негізінен өнеркәсіп, энергетика және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға қажетті инвестициялық және технологиялық тауарларды сатып алу көлемінің артуымен байланысты. Әсіресе электр генераторлық қондырғылар импортының көлемі бес еседен астам өсіп, 416,8 млн АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар газ турбиналары мен авиациялық қозғалтқыштар, мұнай өнімдері, теміржол локомотивтері, сондай-ақ шикізатты өңдеу мен сұрыптауға арналған жабдықтар импорты айтарлықтай артты. Мұндай құрылым экономикадағы инвестициялық сұраныстың жоғары деңгейде сақталғанын және инфрақұрылымдық әрі индустриялық жобалардың белсенді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Шикізаттық емес сектордағы өсім де ерекше назар аудартады. 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында шикізаттық емес тауарлар бойынша сыртқы сауда айналымы 20,4 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5%-ға өсті. Ал шикізаттық емес экспорт көлемі бірден 23,4%-ға артып, 6,9 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіштер сыртқы сауда құрылымындағы сапалы өзгерістердің күшейіп келе жатқанын аңғартады.
Шикізаттық емес экспорттың негізгі драйверлері мыс пен мыс катодтары, күміс, уран, ферроқорытпалар, мал азығына арналған өнімдер және күнбағыс майы болды. Атап айтқанда, күнбағыс майының экспорты шамамен 60%-ға өсіп, 277,8 млн АҚШ долларына жетті. Бұл қазақстандық қайта өңделген агроөнеркәсіп өнімдерінің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Ал ферроқорытпалар экспортының 20,1%-ға ұлғаюы металлургия саласының нығайып, отандық өнеркәсіп өнімдерінің экспорт географиясының кеңейіп келе жатқанын дәлелдейді.
Қазақстанның сыртқы сауда географиясы әртараптандырылған құрылымын сақтап отыр. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша Қытай 7,8 млрд АҚШ долларын құраған тауар айналымымен және жалпы сыртқы сауда көлеміндегі 23,8% үлесімен еліміздің ең ірі сауда серіктесі болды. Ресей 6,5 млрд АҚШ долларын құрайтын сауда көлемімен екінші орынды сақтап, импорт пен өнеркәсіптік кооперация бағытындағы негізгі әріптестердің бірі болып қала берді. Сонымен қатар Италия, Түркия және Өзбекстан да Қазақстанның ірі сауда серіктестері қатарынан көрінді. Италиямен арадағы тауар айналымы 3,4 млрд АҚШ долларынан асып, оның ішінде қазақстандық экспорт көлемі 3 млрд АҚШ долларынан жоғары болды.