
Батыс Қазақстан облысының өңірлік комиссиясы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жағдайын жергілікті жерде бағалау үшін «Алтын Алма» көтерме-бөлшек сауда базарына барды. Негізгі назар ет және көкөніс павильондарында болды, себебі дәл осы жерде халық үшін өнімнің түпкілікті бағасы қалыптасады.
Жұмыс ашық форматта, жалға алушылармен тікелей диалог жүргізілді. Кәсіпкерлерге заңнама талаптары түсіндірілді, оның ішінде 15 пайыз сауда үстемесін сақтау, баға белгілерінің жазбаша түрде болуы, сондай-ақ санитарлық және салық нормаларын сақтау мәселелері қамтылды.
Шара жағдайға жедел әсер етуге мүмкіндік берді. Комиссия жеткізу тізбегіндегі артық делдалдарды анықтап, картоп бойынша екі делдалды айналымнан шығарды. Сонымен қатар «AQJAIYQ» ӘКК тұрақтандыру қорынан өнімді тікелей базарға жеткізу жүйесі жолға қойылды.
Бұған дейін картоптың нарықтағы бағасы сұрыпына және сапасына қарай килограмына 230-250 теңге аралығында сатылса, енді тұрақтандыру қорының өнімі 165 теңгеден сатылымға шықты, ал жеткізу бағасы 145 теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта «AQJAIYQ» ӘКК базарға тәулігіне 5 тоннаға дейін өнім жеткізуде. Өнімге сұраныс жоғары. Көкөніс өнімдерін жеткізу мамыр айының бірінші онкүндігінің соңына дейін жалғасады деп жоспарлануда.
Комиссияның көшпелі отырыстары тұрақты түрде жалғасады. Бұл формат нақты нәтиже көрсетіп, шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік беруде.
2026 жылдың басынан бері БҚО-да өңірлік комиссияның 11 отырысы өткізілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін асырудың 47 фактісі анықталды. Барлық бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлерге әкімшілік шаралар қолданылды.