
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қытайға ресми сапарының аясында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы (ШҰАА) партия комитетінің хатшысы Чэнь Сяоцзянмен кездесті.
Кездесу барысында ШҰАА-ның Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастарда жүйеқұраушы рөл атқаратыны аталды. Аталған өңір екі ел арасындағы негізгі құрлықтық көпір және өзара сауданың елеулі бөлігін қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ШҰАА арасындағы тауар айналымы шамамен 18,9 млрд АҚШ долларын құрады.
Қытай тарапы ШҰАА-ның әлеуметтік-экономикалық дамуының қазіргі қарқыны туралы ақпарат беріп, өңірдің тұрақты өсімін, сыртқы экономикалық байланыстарының кеңеюін және инфрақұрылымның белсенді жаңғыртылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, ШҰАА Қазақстанмен өзара іс-қимылда негізгі шекаралық ынтымақтастық орталығы және транзиттік торап ретіндегі рөлін нығайтып келе жатқаны айтылды.
Кездесуде көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру, теміржол бағыттарын жаңғырту, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды үйлестіру шараларын талқылады.
«Достық–Мойынты» учаскесін кеңейту, «Аягөз–Тачэн» теміржол өткелін салу, сондай-ақ «Қорғас» және «Алашанькоу» шекаралық тораптарын дамыту сияқты бастамаларды іске асырудың маңыздылығы атап өтілді. Өткізу қабілетін одан әрі арттыру және инфрақұрылымдық шектеулерді жою қажеттігі де ерекше айтылды.
Сонымен қатар «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығын дамытуға, оның ішінде инфрақұрылымын жаңғыртуға және сауда мен инвестициялар мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді.
Басым бағыттар қатарында логистика, энергетика, туризм және шекара маңы саудасын дамыту да белгіленді.
Тараптар Қазақстанның «Қытай–Еуразия» халықаралық ЭКСПО көрмесіне белсенді қатысуы жөнінде келісімге келді. Қазақстан бұл көрмеде құрметті қонақ мәртебесінде қатысады. Іс-шара биылғы жылдың 25–29 маусымы аралығында өтеді және өңірдегі сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, экспортты ілгерілетуге және Еуразия елдері арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған негізгі халықаралық алаңдардың бірі.
Сондай-ақ Қазақстанның шекара маңы өңірлерінің делегацияларының Үлкен Алтайдың екінші халықаралық конференциясына қатысуына қызығушылығын растады.
«Шыңжаң шекаралық және транзиттік өзара іс-қимыл жүйесіндегі негізгі буын. Өңір арқылы тауар ағындарының басым бөлігі өтеді, бұл оны сауда, логистика және өнеркәсіптік кооперацияны дамытудағы Қазақстанның маңызды әріптесіне айналдырады», - деді министр.
Министр Қытай тарапын Қазақстанда биылға жоспарланған Өңіраралық ынтымақтастық форумы мен Шекара маңы өңірлерінің достық диалогына қатысуға шақырды.
Сондай-ақ өзара сауданы әртараптандыру, оның ішінде жоғары қосылған құны бар өнім үлесін арттыру, агроөнеркәсіптік экспортты дамыту және бірлескен өндірістерді іске қосу қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инфрақұрылымдық, инвестициялық және өнеркәсіптік жобаларды қоса алғанда, ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін растады.
Министр ШҰАА-мен өзара іс-қимылды дамыту Қазақстанның тұрақты сауда бағыттарын қалыптастыру және елдің Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы транзиттік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайту стратегиясының негізгі элементі екенін атап өтті.