
Қазақстанда Наурыз мерекесіне орай «Nauryz Sale» республикалық акциясы басталды. Мерекелік науқан 13–23 наурыз аралығында ел аумағында өтіп, жүздеген сауда алаңын біріктіріп, тұрғындар мен ел қонақтары үшін көктемгі жаңару мен тиімді сауданың ерекше атмосферасын қалыптастыруда.
Акция аясында сауда нысандары сатып алушыларға азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға 10–70 пайызға дейін жеңілдіктер ұсынуда. Акциялық тауарлар арнайы мерекелік баға белгілерімен және навигациялық көрсеткіштермен белгіленген, бұл келушілерге жеңілдікпен ұсынылған тауарларды оңай табуға мүмкіндік береді.
Акцияға шамамен 300 сауда субъектісі қатысуда. Олардың қатарында 140 сауда үйі мен сауда-ойын-сауық орталығы, 140 сауда желісі және 20 интернет-платформа бар. Қатысушылар арасында еліміздің ірі сауда желілері Magnum Cash&Carry, Small, Galmart, Анвар, Дина, Toimart, Астыкжан, Greenwich және басқалары бар.
Акция барысында отандық өндірушілерді қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Сауда орталықтарында қазақстандық компаниялардың өнімдері ұсынылған арнайы аймақтар ұйымдастырылып, онда тауарлар нарықтық бағадан орта есеппен 10–20 пайызға төмен бағамен сатылуда.
Сатып алушылар да бірқатар тауарлар бағасының айтарлықтай төмендегенін атап өтуде.
«Жеңілдіктер өте көп екенін көріп отырмын. Осы сауда желісінде акция арқылы 5 келі ұнды 1400 теңгеге сатып алдым, сондай-ақ көкөністердің бағасы да төмендеген — картоп пен сәбіз алдым. Шынымды айтсам, 100 теңгелік баға белгілерін бұрыннан көрмеп едім, бүгін шынымен мерекелік жеңілдіктер сезіледі», — деді елорда тұрғыны Ақбота Жақаева.
Мерекелік көңіл күйді еліміздің барлық өңірінде өтіп жатқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері де толықтыруда. Мұнда тұрғындар жергілікті өндірушілердің жаңа өнімдерін қолжетімді бағада сатып ала алады.
«Nauryz Sale» акциясы Наурызды жалпыхалықтық мерекелеудің бір бөлігіне айналып, отандық бизнесті қолдауға, ішкі сауданы дамытуға және қазақстандықтар үшін мереке қарсаңындағы сауданы одан әрі тиімді етуге бағытталған.