
2026 жылғы 26 ақпанда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде «Лудомания мемлекеттік қызметшінің кәсіби сенімділігіне төнетін қауіп ретінде: психологиялық және құқықтық аспектілер» тақырыбында семинар өтті. Семинарды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы қызметкерлері — арнайы заң пәндері кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Амуртаева Динара Талғатқызы, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, педагогика және психология магистрі Карымсакова Асель Серікқазықызы өткізді.
Семинар барысында Қазақстан Республикасында ойынға тәуелділіктің таралуының өзекті мәселелері, оның әлеуметтік-экономикалық салдары, сондай-ақ лудоманияның мемлекеттік қызметшілердің кәсіби тұрақтылығы мен адалдығына әсері қарастырылды.
Тәуелділіктің қалыптасуының психологиялық тетіктері, оның ішінде бақылау иллюзиясы, шығындарды өтеуге ұмтылу (chasing loss) және шынайылықтан қашу мәселелері түсіндірілді. Тәуелді мінез-құлықтың біртіндеп дамитыны және ұзақ уақыт бойы күйзеліс, шаршау немесе уақытша қаржылық қиындықтар ретінде жасырынуы мүмкін екені атап өтілді.
Құқықтық бөлім аясында заңсыз ойын қызметіне қатысқаны үшін көзделген тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын қолданыстағы заңнама нормалары жан-жақты түсіндірілді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-кимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің ойын және бәс тігуге қатысуына тыйым салатын өзгерістер енгізілген нормаларына ерекше назар аударылды.
Ойынға тәуелділіктің борыштық жүктеменің өсуімен, алаяқтыққа осалдығымен және құқық бұзушылықтар жасау тәуекелімен, оның ішінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтармен өзара байланысына ерекше мән берілді.
Семинар соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың, кәсіби жауапкершілікті нығайтудың қажеттілігі атап өтілді.