2025 жылы Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі сауда саласындағы негізгі көрсеткіштерге қол жеткізіп, Мемлекет басшысы мен Үкімет тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз етті. 2026 жылы министрлік ішкі нарықтағы инфляцияны төмендетуге және баға тұрақтылығын сақтауға басымдық береді. Бұл бағытта ішкі нарықты тауармен толықтыру, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына бақылауды күшейту, көтерме сауда мен экспортты реттеу, сондай-ақ тиімсіз делдалдарды жою бойынша кешенді шаралар қабылданады.
Арман Шаққалиевтің сөзінше, халықаралық және интеграциялық бірлестіктер аясында отандық өндірушілерді қорғау мәселесіне ерекше назар аударылады. Отандық тауар өндірушілер үшін сауда сөрелерінің қолжетімділігі пысықталады. Стартаптарға арналған санаттар мен «жасыл сөрелерді» енгізу, сондай-ақ тауарларды сауда желілеріне өткізудің ашық тетіктері қарастырылады.
Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес шикізаттық емес экспортты ілгерілетудің жаңа тәсілдері енгізіледі. Министрліктің стратегиялық бағыты шикізаттық емес экспорттың құрылымы мен географиясын әртараптандыруға, қолдау және ынталандырудың жаңа құралдарын іске қосуға бағытталған. Бұл ретте өнеркәсіптік тауарлар экспортына басымдық беріледі.
Арман Шаққалиев 2026 жылы жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында сауданы цифрлық трансформациялауға айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті. Ұлттық тауарлар каталогы мен таңбалау жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар нарықтың ашықтығын арттыруға, тұтынушылар мен бизнес үшін ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдетуге және тауар ағындарын цифрлық бақылауға мүмкіндік береді.
Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалық етеді. Бұл халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Министрлік Президенттің ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына жолдауында белгіленген негізгі бағыттарды іске асыруға назар аударады. Олардың қатарында жасанды интеллектті дамыту, цифрландыру және кедергісіз сауданы қалыптастыру бар. Сонымен қатар Одақ шеңберінде жоспарланған іс-шараларды өткізу қамтамасыз етіледі.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев барлық тапсырмалар жеке бақылауында екенін және олардың сапалы орындалатынын атап өтті. Министрлік жұмысы жүйелі әрі дәйекті түрде жалғасады. Бұл ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтауға, отандық өндірушілерді қолдауға және Қазақстанның сыртқы нарықтардағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.