
Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов Қазақстандағы сауданы цифрландыру бойынша негізгі жобалар туралы баяндады. Ол министрлік жұмысының басты бағыттарының бірі сауданы жасырын экономикадан шығару және нарықтың ашықтығын арттыру екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтердің жалпы жіктеуіші мен Ұлттық тауарлар каталогы енгізілуде, сондай-ақ таңбаланатын тауарлар тізбесі кеңейтілуде. 2025 жылы ОКТРУ-ды жүргізу тәртібі мен ҰТК-ны міндетті қолдануды бекітетін заңнамалық нормалар қабылданды.
Вице-министрдің айтуынша, цифрлық жобалар тауарларды сәйкестендірудің бірыңғай архитектурасын қалыптастырады. Бұл бастамалар сауданың ашықтығын арттыруға, отандық тауарларды сөрелерде ілгерілетуге және экспортты дамытуға бағытталған. Қазіргі уақытта Ұлттық тауарлар каталогын толықтыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Күн сайын бірнеше жүз мың тауар карточкасы енгізіледі. Жасанды интеллект негізіндегі жүйе деректерді қайталану фактілерін тексеріп, ақпараттың толықтығы мен сапасын бағалайды. Талдау нәтижесінде бірыңғай «алтын жазбалар» қоры қалыптастырылады.
Бұл жұмыс Электрондық қаржы орталығымен, Қаржы министрлігімен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Министрлік цифрлық құралдарды үйлесімді енгізу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ҰТК-ны қолдану әдіснамасы жөніндегі штаб қызметін регламенттеді.
Таңбаланатын тауарлар тізбесін кеңейту жоспарлануда. Цифрлық таңбалау жүйесін енгізу кезең-кезеңімен және ашық түрде жүзеге асырылады. Болжам бойынша, қабылданған шаралар жасырын айналым көлемін 1 трлн теңгеден астам қысқартуға мүмкіндік береді.
Министрлік е-КТРМ жүйесін QazTech платформасына көшіру жұмысын жалғастыруда. Қазіргі таңда тестілік орта іске қосылды, жүйелерді біріктіру және желілік үйлесімділікті тексеру жүргізілуде. Платформада 150 мыңнан астам пайдаланушы және 170 мың бизнес субъектісі тіркелген. 31 бизнес-процесс автоматтандырылып, 5 мыңнан астам өтініш өңделді. Е-КТРМ ЕАЭО-ның Бірыңғай тізілімімен интеграцияланған. Технологиялық серіктес ретінде халықаралық IT-компания EPAM тартылған. Киберқауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, SIEM, PAM және DLP құралдары енгізілді, пентесттер жүргізілуде.
Цифрлық трансформация аясында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп AgroTrade электрондық сауда алаңы әзірленуде.
Министрлік жасанды интеллект негізіндегі сервистерді де сынақтан өткізуде. Олардың қатарында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі виртуалды көмекші және бизнеске техникалық реттеу жүйесімен өзара іс-қимылды жеңілдететін зертханаларды іріктеу көмекшісі бар. Сонымен қатар тиісті цифрлық сервисті іске қосу үшін ұлттық стандарттардың дерекқоры қалыптастырылуда.
Сауда ағындарын талдау құралы әзірленуде. Бұл құрал нарықтар, сауда нысандары және баға ахуалы бойынша аналитикасы бар бірыңғай цифрлық терезе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Аталған шешім азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, баға және инфляциялық үдерістерге талдау жүргізуді жетілдіруге, сондай-ақ басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға бағытталған.
Вице-министр Әсет Нүсіпов сауданың цифрлық трансформациясы заңнаманы, заманауи технологияларды және талдау құралдарын біріктіретінін атап өтті. Бұл болжамды әрі ашық нарық қалыптастыруға, тұтынушыларды қорғауға, отандық өндірушілерді қолдауға және Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды.