Жетісу облысында мемлекеттік бақылау ӘМАТ бағасының төмендеуіне әкелді

Жетісу облысында мемлекеттік бақылау ӘМАТ бағасының төмендеуіне әкелді

Жетісу облысында Сауда және тұтынушылардың құқықығын қорғау департаментінің араласуынан кейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, оның ішінде жұмыртқаның бағасы арзандады.

Өңірде Сауда қызметі саласындағы заңнаманың сақталуын және баға реттеу талаптарының орындалуын бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Кезекті тексеру барысында жекелеген кәсіпкерлердің белгіленген нормаларды сақтамай отырғаны анықталды.

Мониторинг нәтижесінде сауда компанияларының бірі тауық жұмыртқасын өндірушіден бір данасын 50 теңгеден сатып алып, оны жиырмадан астам фирмалық дүкенінде 60–75 теңге аралығында сатқан. Сауда үстемесі 20–50%-ға дейін жетіп, рұқсат етілген шектен айтарлықтай асқан. Әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылғаннан кейін жұмыртқа бағасы төмендетіліп, заң талаптарына сәйкестендірілді.

Заң бұзушылықтар өзге де әлеуметтік маңызы бар тауарларды сату кезінде анықталды. Жоспардан тыс тексеру барысында бір ЖШС сары майды басқа серіктестікке жеткізіп, кейін ол өнімді жеті сауда желісі мен «үй жанындағы» дүкендер арқылы 40–61% сауда үстемесімен сатқан. Бұл көрсеткіштер де белгіленген шектен едәуір жоғары болған.

«Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі өндірушінің сату бағасының 15%-ынан аспауы тиіс. Аталған талапты бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша жауапкершілік көзделген, 2025 жылдан бастап айыппұл мөлшері күшейтілді.

Тексеру қорытындысы бойынша шаруашылық субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сауда үстемелерінің сақталуын бақылау – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы басым міндеттердің бірі. Жыл басынан бері өңірде ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша 17 материал қаралып, жалпы сомасы 185 975 теңге айыппұл салынды.

Департамент кәсіпкерлерді заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз көтеру немесе тауарларда баға белгілерінің болмауы фактілері анықталған жағдайда азаматтар E-Otinish платформасы арқылы ресми түрде департаментке жүгінуге құқылы.