
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер ақпараттық-телекоммуникациялық «Интернет» желісінде зияткерлік меншік объектілеріне қатысты құқықбұзушылықтарға қарсы күресте ортақ тәсілдер қалыптастыру туралы уағдаласты. Аталған тәсілдерді алдағы айларда мақұлдануы күтіліп отырған Келісім жобасында бекіту жоспарланып отыр.
Келісім цифрлық ортада фильмдер, музыка, кітаптар және авторлық құқықтың өзге де объектілерін заңсыз пайдалануға қарсы іс-қимыл нормаларын қамтиды. Сондай-ақ құжатта контрафактілік контент заңсыз орналастырылған сайттар мен онлайн-ресурстарға қолжетімділікті шектеу мәселелері бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үйлестірілген ұстанымдарын қалыптастыру көзделген.
Келісімнің басты мақсаты – құқық иелерінің мүдделерін қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру және ЕАЭО елдері арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай механизмдерін әзірлеу.
Атап айтқанда, құқық бұзушылық орын алған ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің сот шешімі негізінде интернет-ресурстарды бұғаттау мүмкіндігін қарастыру жоспарланып отыр. Бұл ретте сайт иелері, ақпараттық делдалдар және цифрлық ортадағы өзге де қатысушылар мұндай контентке қолжетімділікті шектеу бойынша тиісті шаралар қабылдауға міндетті болады.
Сонымен қатар ЕАЭО елдерінде зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуына байланысты қолжетімділігі шектелген интернет-ресурстардың ұлттық электрондық тізілімдерін құру көзделуде. Бұл тізілімдер бұғатталған ресурстарды есепке алу және уәкілетті органдар арасында ақпарат алмасу үшін пайдаланылатын болады.
Мұндай тізілімдерді енгізу қабылданатын шаралардың ашықтығын арттырып, заңсыз контентті бұғаттауда бірыңғай ұстанымды қамтамасыз етуге, сондай-ақ цифрлық кеңістікте зияткерлік құқықтарды қорғау саласындағы іс-қимылды үйлестіруді күшейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Келісімді іске асыру интернеттегі контрафактілік контенттің таралуын қысқартуға, цифрлық нарық қатысушылары үшін түсінікті әрі болжамды жағдай қалыптастыруға, сондай-ақ ЕАЭО шеңберінде адал бәсекелестіктің дамуына ықпал етпек.