
Бұқаралық ақпарат құралдарында биржалық сауда кезінде клирингтік тетіктің қолданылуы туралы ақпараттың таралуына байланысты Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі төмендегіні хабарлайды.
Клиринг қызметі Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасында көзделген және тауар биржалары жұмыс істеген бүкіл кезең бойы биржалық есеп айырысу жүйесінің міндетті элементі болды. «Тауар биржалары туралы» Заңның 17-бабына сәйкес тауар биржасының клирингтік орталығы биржалық мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асырады, оның ішінде жасалған мәмілелер туралы ақпаратты жинау және өңдеу, олардың шарттарын есепке алу және растау, тараптардың міндеттемелерін айқындау және олар бойынша есеп айырысуды ұйымдастыру кіреді.
Клирингтік тетікті қолдану биржалық мәміле бойынша міндеттемелердің сатып алушы тарапынан тауардың уақтылы және толық төленуі бөлігінде, сондай-ақ сатушы тарапынан тауардың тиісті және расталған жеткізілуі бөлігінде кепілді түрде орындалуын қамтамасыз етеді, бұл ұйымдастырылған тауар нарығының ашық әрі орнықты жұмыс істеуінің міндетті шарты болып саналады.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған биржалық сауда мәселелері жөніндегі Заңның нормалары күшіне енді. Аталған нормалар клирингтік қызмет үшін толыққанды реттеушілік режимді, оның ішінде клирингтік ұйымдарды міндетті лицензиялауды, монополияға қарсы орган тарапынан мемлекеттік бақылауды, сондай-ақ клирингтік ұйымдарды қаржылық мониторинг субъектілеріне жатқызу талаптарын және Қаржылық мониторинг агенттігі тарапынан бақылауды көздейді.
Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Биржалық сауда қағидаларының 75-1-тармағы 2024 жылғы 30 желтоқсандағы биржалық сауда мәселелері жөніндегі Заңның ережелеріне сәйкестендіру мақсатында қабылданған және клирингтік қызметке қойылатын жаңартылған реттеушілік талаптарды ескере отырып, биржалық мәмілелер бойынша есеп айырысу тәртібін нақтылауға, ұйымдастырылған тауар нарығының ашықтығын арттыруға, ақша ағындарын бақылауға және биржалық міндеттемелердің кепілді түрде орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл ретте биржалық мәмілелер бойынша есеп айырысуда клирингтік тетікті қолдану 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін жаңа немесе қосымша талап болып табылмайды.
«Тауар биржалары туралы» Заңның 17-бабына сәйкес биржалық саудаға қатысушылардың ақшалай қаражаты клирингтік орталықта бөлек есепке алынады, жеке банктік шоттарда сақталады және тек нақты биржалық мәмілелер бойынша есеп айырысу үшін ғана пайдаланылады, бұл ақшалай қаражат қозғалысының ашықтығын және олардың нысаналы сипатын қамтамасыз етеді. Міндетті шарттардың бірі – клирингтік орталықтың жасалған биржалық мәміле бойынша төлем фактісін растауы болып табылады, бұл сатып алушы тарапынан міндеттемелердің орындалуын және мәміле бойынша есеп айырысудың аяқталуын нақты тіркеуге мүмкіндік береді. Аталған тәсіл нарық қатысушылары үшін артық қаржылық жүктеме туындатпай, биржалық міндеттемелердің нақты орындалуына және сауда операцияларының ашықтығына клирингтік бақылау қалыптастырады.
Анықтама үшін: сатып алушыдан төлем тапсырмасы (ақшалай қаражат) түскен кезде клирингтік орталық ішкі регламентке сәйкес оларды сатушының пайдасына аударады және есепке алу жүйелерінде есеп айырысудың аяқталғаны мен биржалық мәміленің орындалу фактісін тіркейді.
Осыған байланысты клирингтік қызметтің қолданыстағы тетігі тек жасалып қойған биржалық мәміле бойынша есеп айырысу тәртібін реттейді және тараптардың төлемді жүзеге асыруы мен міндеттемелерді орындау фактісін растауға бағытталған, өйткені клирингтік есеп айырысулар тауар бағасының қалыптасуына ықпал етпейді және мәміленің экономикалық шарттарын өзгертпейді.
Клирингтік орталық баға белгілеуге қатыспайды, тауарға тарифтер белгілемейді және сауда маржасын қалыптастырмайды.
Осылайша, Қазақстан Республикасының тауар биржалары қызметін реттеу саласындағы заңнамасында биржалық саудаға қатысушылардың ақшалай қаражатын белгісіз мерзімге ұстап қалу немесе депонирлеу, сондай-ақ оларды биржалық есеп айырысулардан тыс пайдалану көзделмеген.
Сонымен бірге айналым қаражатын бұғаттау , бағаның күрт өсуіне негіздердің бар екені немесе өндірушілер үшін қосымша қаржылық кедергілердің жасалуы туралы мәлімдемелер заңнамаға да, биржалық есеп айырысуларды жүзеге асырудың нақты тәртібіне де сәйкес келмейді.
Қосымша түрде, Биржалық сауда қағидаларының 75-1-тармағын әртүрлі түсіндіруді болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі аталған норманың мәні мен реттеушілік мақсатын өзгертпей, оның редакциясын нақтылауды көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеп, уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдады.