
Қазақстан 2028 жылға қарай күнбағыс майын әлемдегі жетекші топ-3 экспорттаушы елдің қатарына еніп, май-тоңмай саласы өнімдерінің экспорт көлемін 1 млрд АҚШ долларынан асыруға ниетті. Осы мақсатта ел экспортты қолдаудың жекелеген шараларынан жүйелі салалық басқару моделіне көшіп, шикізат базасынан бастап өңдеу, логистика және мақсатты нарыққа дейінгі толық экспорттық тізбектерді қалыптастыруға бағыт алды.
Астанада биылғы жылғы шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі Экспорттық штабтың алғашқы отырысы өтті. Жиын ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабековтің төрағалығымен ұйымдастырылды. Отырыста агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын дамытуға арналған жаңа тәсілдер және қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығу барысында кездесетін жүйелі кедергілерді жою мәселелері талқыланды.
2025 жылы Экспорттық штабтың қызметі сапалық тұрғыдан жаңа форматқа өтті. Бұған дейін талқылаулар жекелеген мәселелер шеңберінде жүргізілсе, мамыр-желтоқсан айлары аралығында QazTrade алаңында бес салалық отырыс өтті. Олар агроөнеркәсіп кешені өнімдеріне, май-тоңмай саласына, астықты қайта өңдеуге, балға, сондай-ақ өнеркәсіп және IT өнімдеріне арналды. Нәтижесінде штаб нақты салалардың экономикалық ерекшеліктеріне негізделген жүйелі шешімдерді әзірлеуге бағытталды.
Бұл жұмыстың негізгі нәтижесі 2026–2028 жылдарға арналған май-тоңмай саласы өнімдері экспортының даму жөніндегі Жол картасының әзірленуі болды. Сала алғаш рет қосылған құнды қалыптастырудың толық тізбегі аясында қарастырылды. Құжатты әзірлеу барысында еліміздің солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінде майлы дақылдарды өсірумен, сондай-ақ Абай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Жетісу және Алматы облыстарында оларды өңдеумен айналысатын 30-дан астам кәсіпорынға кешенді диагностика жүргізілді. Жұмысқа мемлекеттік және жеке сектордан 50-ден астам өкіл тартылып, үш бейінді министрліктің өзара іс-қимылы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Еуропалық одақтың қолдауымен Халықаралық сауда орталығының халықаралық әдіснамасы қолданылды.
Жол картасында саланың дамуына арналған нақты әрі өлшенетін көрсеткіштер айқындалды. Олардың қатарында өңдеу қуаттарының жүктемесін арттыру, экспорт географиясын кеңейту және 2028 жылға қарай Қазақстанның күнбағыс майын әлемдегі жетекші үш экспорттаушы елдің қатарына енуі көзделген. Нәтижесінде сала сыртқы нарықтардағы нақты сұранысқа негізделген бірыңғай және келісілген іс-қимыл жоспарына ие болды.
Қалыптасқан тәжірибе салалық тәсілді агроөнеркәсіп кешенінің өзге бағыттарына да кеңейтуге негіз болды. Отырыста мысал ретінде экспорт көлемі тұрақты өсіп келе жатқан және табыстылығы, климаттық тәуекелдерге төзімділігі мен экспорттық тартымдылығы бойынша дәстүрлі дәнді дақылдардан асып түсетін жасымық дақылы қарастырылды.
Сонымен қатар шикізаттық емес экспортқа кедергі келтіретін жүйелі мәселелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, теміржол көлігінде жүктерді басымдықпен тасымалдау, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау рәсімдері, қазақстандық компанияларды Қытай Халық Республикасының тізілімдеріне енгізу, экспорттық шығындарды өтеу және қаржылық қолдау құралдарына қолжетімділік мәселелері қозғалды.
«Май-тоңмай өнімдері экспортының даму жөніндегі Жол картасы саланың стратегиялық дамуына берік негіз қалады. Сонымен бірге май өңдеу зауыттарын Еуразиялық экономикалық одақтың тауар өндірушілері тізіліміне жедел енгізу және карантиндік рәсімдерді оңайлату қажет. Бұл шаралар шығындарды азайтып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді», - деді «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Ядыкар Ибрагимов.
Өз кезегінде Айдар Әбілдабеков проблемалық мәселелердің бірыңғай тізілімі қалыптастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл тетік шешілмеген кейстерді «қолмен басқару» режимінде Сауда және интеграция министрлігі деңгейіне, қажет болған жағдайда Үкімет Аппаратының қарауына шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Экспорттық штаб отырыстарын ай сайын, салалық қағидат бойынша өткізу туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, Экспорттық штаб құрылғаннан бері шамамен 20 отырыс өткізіліп, 2025 жылы Экспорттаушылар форумы ұйымдастырылды. QazTrade экспорттық акселерация бағдарламаларын іске асыруды, сауда-экономикалық миссияларды, көрмелер мен бизнес-форумдарды өткізуді, сондай-ақ экспорттаушыларға консультациялық және қаржылық қолдау көрсетуді жалғастырып келеді.
Отырыстың қорытындысы бойынша экспорттаушылар мен салалық қауымдастық өкілдері Экспорттық штабтың жаңартылған жұмыс форматының тиімділігін атап өтіп, көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыс білдірді. Олардың пікірінше, мұндай тәсіл нақты мәселелер бойынша жедел шешім қабылдауға және бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге ықпал етеді.
Анықтама: 2025 жылы экспорттаушыларды қолдау мақсатында өнеркәсіптік-инновациялық қызметтің 109 субъектісіне 6,1 млрд теңге көлемінде шығындар өтелді. Отандық экспорттаушылардың қаржылық ресурстарға қолжетімділігі кеңейтілуде. Экспорттық-кредиттік агенттік желісі бойынша 2025 жылдың қорытындысында қаржылық қолдау көлемі 650,9 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда (336 млрд теңге) шамамен 1,9 есе артты. Сауда және экспорт алдындағы қаржыландыруға басымдық беріліп, оның көлемі 88,4 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге жуық өсімді көрсетті. Барлығы 113 экспорттаушыға қолдау көрсетілді (оның ішінде шағын және орта бизнес үлесі – 69%, орта және жоғары деңгейде қайта өңделген өнім үлесі – 87%; 2024 жылы – 96 экспорттаушы).