Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы өткен жылдың деңгейінде сақталып отыр

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы өткен жылдың деңгейінде сақталып отыр

Биылғы жылдың 4 қаңтарынан бастап Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша кеңейтілген тізбесі енгізілді. Бұған дейін тізбе 19 атаудан тұрса, қазіргі уақытта ол 31 атауға дейін кеңейтілді. Аталған тауарлардың қатарына қияр, қызанақ, алма, шай, қаймақ, балық, сиыр еті (сүйекті және сүйексіз), тауық еті, тауық, жылқы еті және қатты ірімшік кірді.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, биылғы жылдың бірінші аптасының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 0,2 пайызды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде де бұл көрсеткіш 0,2 пайыз деңгейінде тіркелген. Сонымен қатар, биыл аталған көрсеткіш кеңейтілген тауарлар тізбесін ескере отырып қалыптасқанын атап өткен жөн, бұл бірінші кезектегі азық-түлік өнімдері бағасының тұрақты екенін көрсетеді.

Кеңейтілген тізбеге енгізілген бірқатар жаңа тауар позициялары бойынша бағаның 0,1–0,5 пайыз аралығында төмендегені байқалуда. Бұл төмендеу көлемі жағынан шамалы болғанымен, бағаны тұрақтандыру үдерісінің басталғанын және қысқа мерзім ішінде алғашқы нәтижелерге қол жеткізілгенін көрсетеді. Атап айтқанда, жеміс-көкөніс өнімдері бойынша алма бағасы 0,5 пайызға, қияр мен қызанақ бағасы 0,4 пайызға арзандады. Бакалея өнімдері сегментінде қатты және жартылай қатты ірімшіктердің бағасы 0,3 пайызға, қара шай бағасы 0,2 пайызға төмендеді. Сондай-ақ ет және балық өнімдері тобы бойынша баға 0,1 пайызға төмендеді, ал сүт өнімдері ішінде қаймақ бағасының 0,1 пайызға арзандауы тіркелді.

Бағаны тежеу мақсатында жыл басынан бері сауда нысандарында бағаға тұрақты мониторинг жасалып, бизнес өкілдеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда 13 қаңтарда ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті төрағасының орынбасары Даулен Кабдушев жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп елордадағы базарларда баға мониторингін өткізіп, сатушыларға түсіндіру жұмыстарын өткізді.

«Осындай жұмыстарды өңірлердегі әріптестеріміз де тұрақты жүргізіп жатыр. Қазір сатушыларға бұрын ӘМАТ тізбесінде болмаған тауарлардың енді тізімге қосылғанын түсіндіріп жатырмыз. Бұл дегеніңіз Сауда комитеті тарапынан жаңадан тізімге қосылған тауарлардың сауда үстемесіне мемлекеттік бақылау жүргізіледі деген сөз. Айта кету керек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік тауарларға қойылатын максимал сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы керек», - деді Даулен Кабдушев.