Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, «Turan» АЭА аумағында орналасқан өнеркәсіптік кәсіпорындардың, өңірдің индустриалды аймақтарының жұмысымен танысты. Сондай-ақ бизнес өкілдері мен экспорттаушылармен кездесу өткізді.
Сапар барысында вице-министр ірі өндірістік жобаларды іске асырып жатқан бірқатар кәсіпорындарға барды. «Turan» АЭА аумағында Айдар Әбілдабеков толық циклді тоқыма кластерін, яғни мақта өсіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі процесті дамытып отырған «Kazakhstan Lihua» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Жоба мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған. Жоба аясында Отырар және Арыс аудандарында 60 мың гектар суармалы алқапта Орталық Азиядағы ең ірі мақта кешенін құру, 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сонымен қатар экспортқа бағытталған өнім өндіру де көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, вице-министр полиэтилен қаптары және бір реттік пластик ыдыстарды шығаратын «ER-QAN GROUP» ЖШС-не барды. Сауран ауданының өндіріс алаңында Әбілдабеков «UBC Group» ЖШС-нің өнеркәсіптік тоңазытқыштар өндірісімен және пластмасса өнімдерін шығаратын «Сауран Пласт» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорындар өз өнімдерін экспорттап үлгерген. Сонымен қатар вице-министр жаңа көпфункционалды «Turan mall» кешенін аралап, оның жұмысымен танысты.
Ордабасы ауданының индустриалды аймағында вице-министр құрылыс материалдарын өндіретін «Altyn bricks» ЖШС және алюминий өнімдерін, оның ішінде экспортқа бағытталған тауарларды шығаратын «Central Asia aluminum» ЖШС жобаларымен танысты.
Сапар қорытындысы бойынша өңірдің экспорттаушылары және кәсіпкерлерімен кеңейтілген кездесу өтті. «Ұлы дала елі» орталығында өткен кездесуге 100-ден астам кәсіпкер қатысты. Жиында балаларға арналған гигиеналық құралдарды экспортқа шығару үшін CE (Conformite Europeenne) және FDA (Food and Drug Administration) сертификаттарын алу, мемлекеттік сатып алуға қатысу, Өзбекстанға жиһаз экспорттау, Қытаймен шекарада экспорттаушыларға арналған бөлек электронды кезек құру, шот-фактура нөмірлерін дұрыс көрсету, Ресей Федерациясына өнім шығару кезіндегі кедергілер сияқты мәселелер қаралды. Көтерілген мәселелердің бәрі вице-министрдің бақылауына алынды.
Жалпы Түркістан облысында кәсіпкерлік белсенділік жоғары, қажетті өндірістерді іске қосу өңір үшін маңызды екені атап өтілді.