Сауда департаменті ақмолалық зейнеткерге Wildberries-тен алған жарамсыз телефонның ақшасын қайтарды

Сауда департаменті ақмолалық зейнеткерге Wildberries-тен алған жарамсыз телефонның ақшасын қайтарды

Ақмола облысында тұтынушылардың құқығын қорғау бағытындағы жұмыс қарқынды жүргізіліп келеді. 2025 жылдың басынан бері Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті 983 азаматтық өтінішті қарады. Оның 80 пайыздан астамы тұтынушылардың пайдасына шешіліп, тұрғындарға жалпы сомасы 82 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды. Бұл - Департаменттің жүйелі жұмысының айқын нәтижесі.

Департамент мамандары дауларды сотқа дейінгі тәртіпте шешуге ерекше назар аударады. Мұндай тәсіл азаматтарға құқықтарын жылдам қалпына келтіруге және қаржылық шығындарын дер кезінде өтетуге мүмкіндік береді. Мәселен, облыс тұрғынына құны 8,1 миллион теңге болатын қолданылған автокөлікке қатысты шағымды дұрыс рәсімдеу арқылы ақшасын толық қайтаруға қолдау көрсетілді. Тағы бір тұрғын жаңа автокөліктен ақаулар анықталған соң сатып алудан бас тартып, 28,3 миллион теңгені толық көлемде қайтарып алды.

Департаменттің араласуы тұрмыстық тауарлар мен электроника саласында да шешуші рөл атқарды. Құны 1 000 200 теңге болатын жиһаздың кешіктірілуі мен сапасыз жеткізілуінен зардап шеккен облыс тұрғынына мамандар толық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде кәсіпкер кемшіліктерді толығымен жойды.

Ең назар аударарлық жағдайлардың бірі – 70 жастағы облыс тұрғынының Wildberries платформасынан сатып алған телефонына қатысты мәселе. Зейнеткер қызына сыйламақ болып, сипаттамада Redmi 14 моделі деп көрсетілген телефонға тапсырыс берген. Бірақ келген тауар мүлдем басқа болып шықты. Сонымен қатар телефон IMEI-растаудан өтпей, Қазақстан аумағында қолдануға жарамсыз екені белгілі болды. Сатушыдан ақшаны тікелей қайтару мүмкін болмағандықтан, азамат Департаментке жүгінген. Нәтижесінде 34 840 теңге тұтынушыға толық қайтарылды.

Сонымен бірге, демалыс базасына алдын ала төлем жасағаннан кейін қаражатты қайтарудан бас тартылған жағдайда да Департамент көмегі маңызды болды. Тараптардың арасында бітімгершілікке қол жеткізіліп, тұтынушыға ақшасы толық қайтарылды, сондай-ақ оған қосымша бір күндік демалыс жеңілдікпен ұсынылды. Көкшетау тұрғынына кепілдік мерзімі ішінде анықталған ақаудан кейін сапасыз телефон жөндеуі үшін төленген 22 500 теңге де қайтарылды.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тиімділік сот тәжірибесінде де көрініс табуда. 2025 жылдың 11 айында Департамент үшінші тұлға ретінде 15 сот ісіне қатысып, нәтижесінде азаматтар пайдасына 9,9 миллион теңгеден астам қаражат өндіріліп берілді. Бұл – өңірде тұтынушы құқықтарының жүйелі әрі нәтижелі қорғалып жатқанын дәлелдейді.