Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі 26 қарашада өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) елдерінің коммерция және сыртқы сауда министрлерінің 5-ші кеңесіне, сондай-ақ 24–25 қарашада Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласында өткен сауда, инвестициялар және өзара байланысты бағыттар жөніндегі Жоғары деңгейдегі сарапшылар тобының (HLEG) 5-ші отырысына қатысты.
Отырыс ЭЫҰ шеңберінде өңірлік сауданы дамыту және экономикалық интеграцияны тереңдетудің негізгі бағыттарына арналды. Талқылауда сауда және кедендік рәсімдерді жеңілдету шаралары, жеке сектордың қатысуын кеңейту жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ ЭЫҰ-ның «Vision 2025 and Beyond» Стратегиясын іске асыруға бағытталған практикалық қадамдар болды. Қатысушылар ерекше назарды арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға, қағазсыз сауданы ілгерілетуге және электрондық сауданы одан әрі кеңейтуге бөлді. Аталған бағыттар бүгінде өңір ішіндегі тұрақты экономикалық өзара іс-қимылдың маңызды қозғаушы күштеріне айналып отыр.
Ресми бағдарламамен қатар Ыстанбұлда Halal Expo 2025 халықаралық көрмесі өтті, онда 10 қазақстандық компания өз өнімдерін ұсынды. Отандық өндірушілердің қатысуы Қазақстанның халал өнімдер сегментіндегі өсіп келе жатқан әлеуетін айқын көрсетуге мүмкіндік берді. Көрмеде таныстырылған тауарлар шетелдік әріптестердің қызығушылығын тудырып, қазақстандық экспортты ЭЫҰ елдері нарықтарында да, одан тысқары өңірлерде де кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер ашты.
Анықтама үшін: Қазақстан мен ЭЫҰ елдері арасындағы өзара сауда оң динамиканы сақтап, әрі қарай өсуге жоғары әлеует көрсетуде. 2025 жылдың 9 айында Қазақстан мен ЭЫҰ елдері арасындағы тауар айналымы $11,2 млрд.-ты құрады (2024 жылғы қаңтар–қыркүйек — $10,2 млрд.), бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5% өсімді көрсетеді. Экспорт 17,9%-ға артып, $8,3 млрд.-қа жетті, импорт $2,9 млрд. болды.