Саудамин сауда нысандарының терроризмге қарсы қорғау шараларын күшейтуге бағытталған бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды

Саудамин сауда нысандарының терроризмге қарсы қорғау шараларын күшейтуге бағытталған бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі «Ашық НҚА» порталында «Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 5 қазандағы № 366-НҚ “Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігіне қарасты, терроризм тұрғысынан осал болып саналатын нысандар мен ішкі сауда нысандарының терроризмге қарсы қорғауын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы” бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрық жобасын жариялады.

Бұл жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы № 305 қаулысында белгіленген талаптарға сәйкес әзірленіп, ірі сауда және ойын-сауық орталықтарындағы терроризмге қарсы қорғаныс шараларын күшейтуге бағытталған.

Ұсынылып отырған өзгерістер ішкі сауда нысандарының терроризм тұрғысынан осал деп танылған жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібін нақтылайды. Жобаға сәйкес, жалпы алаңы 10 000 шаршы метрден асатын ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының иелері мен басшылары міндетті түрде терроризмге осал нысандарда күзет қызметін көрсетуге лицензиясы бар ұйымдармен шарт жасасуы тиіс.

Құжатта сондай-ақ ғимараттардың инженерлік-техникалық тұрғыдан қорғалуына, кіру-шығу жүйесіне және бейнебақылау жүйелеріне қойылатын талаптар нақтыланған. Аумағы 10 000 шаршы метрден асатын сауда-ойын-сауық орталықтары үшін келушілерді тексеруге арналған портативті және стационарлық металл іздегіштермен жабдықтау талабы енгізіледі. Бұл техникалық құралдар Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы № 611 Жарлығына сәйкес терроризм қаупінің деңгейі белгіленген жағдайда қолданылатын болады.

Аталған өзгерістер ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында адамдардың қауіпсіздігін арттыруға, ықтимал тәуекелдердің алдын алуға және ішкі сауда саласындағы терроризмге қарсы қауіпсіздік жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.

Сауда және интеграция министрлігі барлық мүдделі азаматтарды, бизнес өкілдері мен сарапшыларды бұйрық жобасын «Ашық НҚА» порталында талқылауға шақырады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15697507 .