Сауда министрлігі сауда үйлерін құру туралы Қазақстан мен Түрікменстан Үкіметтері арасындағы келісім жобасын жариялады

Сауда министрлігі  сауда үйлерін құру туралы Қазақстан мен Түрікменстан Үкіметтері арасындағы келісім жобасын жариялады

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі «Ашық НҚА» интернет-порталында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан мен Түрікменстанда сауда үйлерін құру туралы келісім жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды.

Жоба екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, өзара байланыстарды нығайту және тауар айналымын арттыру мақсатында әзірленген. Құжат өзара тиімділік пен серіктестік қағидаттарына сүйенеді.

Келісім Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы 1993 жылғы Достық және ынтымақтастық туралы шартқа, 2017 жылғы Стратегиялық әріптестік туралы шартқа және 2021 жылғы 15 қазандағы екі ел Президенттерінің Бірлескен мәлімдемесіне негізделген. Негізгі мақсаты – бизнес-қоғамдастықтар арасындағы өзара іс-қимылға қолайлы жағдай жасау және екі ел арасындағы экономикалық белсенділікті ынталандыру.

Жобаға сәйкес, екі ел аумағында сауда үйлері құрылмақ: Алматы қаласында – «Қазақстандағы Түрікменстанның сауда үйі» ЖШС, ал Ашхабад қаласында – «Түрікменстандағы Қазақстанның сауда үйі» шаруашылық серіктестігі. Сауда үйлері ұлттық тауарлар мен қызметтерді ілгерілетуге, көрмелер мен маркетингтік іс-шараларды өткізуге, сондай-ақ екі ел кәсіпкерлері арасындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жобада Қазақстан және Түрікменстан Үкіметтері сауда үйлерін тіркеуге, оларға ғимараттар беруге, логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және кәсіпорындардың тиімді қызмет етуіне жағдай жасауға көмек көрсететіні қарастырылған.

Келісімді іске асыру Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ұзақ мерзімді байланыстарды нығайтуға, өзара сауда көлемін арттыруға және экономикалық ынтымақтастыққа тұрақты инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі қаулы жобасын жариялады, 12.11.2025 жылдан бастап 17.11.2025 жылға дейін "Ашық НҚА" интернет-порталында осы жобаны жария талқылау өтеді (сілтеме: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15699215  ).