Арман Шаққалиев Ресеймен тауарайналымын 30 миллиард долларға дейін арттырудағы негізгі салаларды атады

Арман Шаққалиев Ресеймен тауарайналымын 30 миллиард долларға дейін арттырудағы негізгі салаларды атады
ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Еңбек мамандықтары — экономикалық өсудің драйвері» тақырыбында өтіп жатқан XXI Ресей–Қазақстан аймақаралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мен сауда-экономикалық байланыстарды нығайту стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Міндет - өзара тауарайналымын мүмкіндігінше қысқа мерзімде 30 миллиард долларға жеткізу.

Форумға мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин қатысып отыр. Өткен жиырма жылдықта бұл алаң екі елдің әртүрлі салалардағы ынтымақтастығын күшейтетін стратегиялық диалогтың бірегей платформасы болып келеді.

«Әр форум аймақтар, бизнес және білім беру ұйымдары үшін жаңа мүмкіндік ашып, адамдар арасындағы байланыстарды нығайтады және тұрақты дамуға берік негіз қалыптастырады. Біз өзара әрекеттестікті, әсіресе сауда-экономикалық салада, одан әрі кеңейту дімақсат етеміз», - деді министр.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, Қазақстан мен Ресей қазіргі таңда 30 бірлескен жобаны жүзеге асырып жатыр. Олардың жалпы құны 4,4 миллиард АҚШ долларын құрап, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Болашақта қосымша 29 жоба іске қосылады деп жоспарлануда, олардың жалпы құны 30,8 миллиард долларды құрап, 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Бұл бастамалар энергетика, машина жасау, металлургия, химия және ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салаларды қамтиды. Олар жаңақ ұзыреттілік орталықтарын қалыптастырып, тұрақты өнеркәсіптік өсімді қамтамасыз етеді.

«Әр жобаның артында нақты адам, нақты мамандық тұр. Еңбек - біздің өнеркәсіптік және экономикалық дамуымыздың негізі, шығармашылық көзі және басты қоғамдық құндылық», - деді министр.

Форум барысында адам капиталының дамуына ерекше көңіл бөлінді. Қазақстанда 2025 жыл Еңбек мамандықтары жылы деп жариялаған болатын. Оның аясында кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, еңбек мамандықтарының беделін арттыру және жұмыс берушілермен серіктестікті нығайту бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.

Министр 2024 жылдан бастап 2030 жылға дейінгі еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылып келе жатқанын еске салды. Оның стратегиялық мақсаты - жұмыс күшінің біліктілігін арттыру және дағдыларын үздіксіз дамыту.

2030 жылға қарай Қазақстан кемінде 3,8 миллион сапалы жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр, бұл жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 45%-ын құрайды.

Қазақстан мен Ресей арасындағы білім беру және кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастық басты бағыт болып қала береді. Дуалды оқыту бағдарламалары жүзеге асырылып, құзыреттілік орталықтары құрылуда, академиялық мобильділік дамуда. Қазіргі таңда Ресейдің жоғары оқу орындарында 55 мыңнан астам қазақстандық білім алса, Қазақстанда екі мыңнан астам ресейлік азамат оқиды. Мұндай өзара әрекеттестік ортақ білім кеңістігін қалыптастырып, сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

Арнайы назар жасанды интеллектіні енгізуге бөлінді. Қазақстан Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластерін іске қосты, салалық акселераторлар мен пилоттық ИИ-жобаларды дамыту алаңдарын құруда. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерге арналған AI Qyzmet, студенттерге арналған AI Sana және мектеп оқушыларына арналған AI Olymp бағдарламалары іске асырылуда.

«Біз тек технологияларды жасап қана қоймай, оларды кеңінен қолдануға арналған ортаны қалыптастырамыз», - деді Арман Шаққалиев.

Сөз қорытындысында министр Үкімет Қазақстан жұмысшыларының ішкі және халықаралық нарықтағы лайықты жұмыспен қамтылуын және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуді жалғастыра беретінін атап өтті.