
Қазақстан Республикасы тұрақты даму саласында маңызды қадам жасады. Ұлттық стандарттау жүйесі климаттың өзгеруін басқару және көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі құжаттармен толықты.
ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «ҚазСтандарт» екі жаңа ұлттық стандарт әзірледі:
• СТ РК ISO 14068-1 «Климаттың өзгеруін басқару. Таза нөлге көшу. 1-бөлім. Көміртектік бейтараптық»;
• СТ РК IWA 42 «Көміртек бейтараптылығы жөніндегі нұсқаулық».
Бұл екі стандарт халықаралық ISO 14068-1:2023 және IWA 42:2022 стандарттарымен бірдей. Олардың қабылдануы Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясында көзделген міндеттерді іске асырудағы маңызды кезең болды. Сондай-ақ бұл стандарттарды қабылдау Қазақстанның жаһандық климаттық саясаттағы рөлін күшейтеді. Олар шығарындыларды жауапты басқаруға және ғылыми негізделген климаттық шешімдерді енгізуге негіз қалайды.
Жаңа стандарттар экологиялық және талдамалық ұйымдар, қоршаған ортаны мониторингілеудің ұлттық және өңірлік орталықтары, экологиялық қауымдастықтар үшін бірыңғай тәсілдер мен қағидаттарды белгілейді. Олар парниктік газдар шығарындыларын басқарудың негізгі аспектілерін қамтиды: бағалау мен азайтудан бастап қалдық шығарындыларды өтеу және климаттық есептілікті жүргізуге дейін.
Стандарттарды іске асыру келесілерге мүмкіндік береді:
• ұлттық MRV (бақылау, есептілік және валидация) жүйесін халықаралық тәжірибелермен үйлестіруге;
• климаттық деректердің ашықтығы мен анықтығын арттыруға;
• қазақстандық компаниялардың халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға; • өнеркәсіпте төмен көміртекті технологиялар мен инновацияларды енгізуге ықпал етуге.
Стандарттарды әзірлеу мүдделі тараптардың, ғылыми ұйымдар мен сараптамалық қауымдастықтардың белсенді қатысуымен жүзеге асырылды. Олардың қатарында «ECOJER» өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы», «KazWaste» қалдықтарды басқару қауымдастығы», Еуразиялық өнеркәсіп қауымдастығы, «Тұрақты даму үшін қазақстандық табиғат пайдаланушылар қауымдастығы», сондай-ақ «GREENORDA PROJECT» ЖШС базасындағы ТК 103 «Парниктік газдарды басқару» бойынша стандарттау техникалық комитеті және басқа ұйымдар бар.
Қабылданған стандарттар Қазақстанның халықаралық климаттық реттеу жүйесіне интеграциялануына құрал болып, экологиялық тұрғыдан тұрақты экономикаға көшуге қолдау көрсетеді.