Сауда министрлігі «Алтын сапа» конкурсын жаңа цифрлық номинациямен толықтырмақ

Сауда министрлігі «Алтын сапа» конкурсын жаңа цифрлық номинациямен толықтырмақ

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы №194 Жарлығына «Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесі туралы» толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын әзірледі.

Жоба отандық өндірушілерді ұлттық деңгейде тану жүйесін жетілдіруге, шығарылатын өнім мен көрсетілетін қызметтердің сапа стандарттарын арттыруға, сондай-ақ әртүрлі экономикалық салаларда инновациялар мен цифрлық технологияларды енгізуді ынталандыруға бағытталған.

Конкурс ережелеріне сәйкес қатысушылар Комиссия алдында соңғы үш жыл ішінде шығарылған өнімнің немесе көрсетілген қызметтің жоғары сапасын растауы тиіс. Конкурс төрт негізгі номинация бойынша өткізіледі: «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын», «Азық-түлік өнімдері және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын». Әр номинация бойынша шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері санатында үш сыйлық табысталады.

Бұдан бөлек, инновациялық қызметті дамыту мен заманауи технологияларды енгізуді ынталандыру мақсатында конкурс аясында арнайы сыйлықтар тағайындалады – «Үздік индустриялық жоба», «Үздік инновациялық жоба» және жаңа номинация – «Цифрлық даму саласындағы үздік жоба».

«Цифрлық даму саласындағы үздік жоба» арнайы сыйлығын енгізу 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында қойылған міндеттердің өзектілігімен айқындалады. Жаңа номинация заманауи цифрлық шешімдерді енгізіп, өндіріс, бизнес және басқару салаларында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген ұйымдарды ынталандыруға бағытталған.

Аталған номинацияның енгізілуі қазақстандық IT-технологияларды дамытуға, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ұлттық цифрлық инновациялар экожүйесін қалыптастыруға елеулі үлес қосқан компаниялар мен жобаларды айқындауға мүмкіндік береді.

Бұйрық жобасы 2025 жылдың 4 қарашасы бастап 9 қарашасына дейін «Ашық НҚА» интернет-порталында ашық талқылауға орналастырылған. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі азаматтарды және мүдделі тараптарды жобаны талқылауға қатысып, нормативтік құқықтық актіні жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын енгізуге шақырады.

Талқылау сілтемесі: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15660718