
2025 жылдың 3–4 қарашасында Ыстамбұл қаласында (Түркия Республикасы) Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Экономикалық және коммерциялық ынтымақтастық жөніндегі Тұрақты комитетінің (COMCEC) 41-ші Министрлік сессиясы өтуде.
Анықтама үшін: COMCEC – Ислам әлеміндегі экономикалық мәселелерді талқылау, ортақ саясаттарды әзірлеу және мүше мемлекеттердің экономикалық жақындасуы мен дамуына бағытталған жобаларды іске асыруға арналған негізгі көпжақты алаң болып табылады. COMCEC құрамына 57 мемлекет кіреді.
Ағымдағы іс-шара «ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерде экспорттық стратегияларды әзірлеу/жетілдіру» тақырыбына арналды. 41-ші сессияны COMCEC Төрағасы – Түркия Республикасы Президенті Р.Т. Ердоған ашты.
Экономика және сауда министрліктерінің басшылары жетекшілік еткен делегациялар ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиімді экспорттық стратегияларды әзірлеу тәжірибесіне арналған COMCEC Баяндамасын талқылады. Сонымен қатар, ИЫҰ елдерінің сыртқы нарықтарға экспортты ілгерілету барысындағы негізгі қиындықтар жөнінде пікір алмасу өтті. Барлық қатысушылар қазіргі геосаяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында ИЫҰ елдері арасындағы өзара сауданы арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Аталған іс-шарада Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Кушукова Жанель басқарады. Сондай-ақ Министрлер сессиясы аясында вице-министр Ж.Кушукова Ислам елдері үшін статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулер мен оқыту орталығының (SESRIC) бас директоры Зехра Зюмрют Сельчукпен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар Министрлік пен SESRIC арасындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттарын, оның ішінде Министрлік қызметкерлері мен отандық бизнес өкілдері үшін оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру мүмкіндігін талқылады.