Қазақстан мен Әзербайжан 16 меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Әзербайжан 16 меморандумға қол қойды
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы екі есе ұлғайып, серіктестіктің жаңа деңгейіне шықты. Екі елдің ынтымақтастығы сауда, өнеркәсіп, логистика және цифрландыру салаларында дамуда.

Бұл жайлы Астанада өткен Қазақстан–Әзербайжан бизнес-форумында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков хабарлады. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында өзара тауар айналымы $343,3 млн-ға жеткен. Оның ішінде Қазақстан экспорты $290,8 млн болса, Әзербайжаннан импорт 58%-дан астам өскен.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Әзербайжанға экспортталатын тауар түрлерін кеңейтуді ұсынып отыр. Бұл бағытта еліміз жалпы көлемі 14,5 млн тонна болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге дайын. Олардың қатарында дәнді және майлы дақылдар, ұн, май және картоп бар.

«Бүгінде бізге тұрақты өндірістік байланыс пен ортақ жобалар құру маңызды. Кооперацияның мәні осында. Біз бәсекелестік арқылы бөлек емес, бірге дамимыз»,- деді ол.

Форум аясында Қазақстан мен Әзербайжан өкілдері 16 келісім мен меморандумға қол қойды. Құжаттар өнеркәсіп, туризм, білім, цифрлық технология және логистика салаларын қамтиды. Серіктестік аясында «Қазпошта» мен Zira Port, «Атамекен» ҰКП мен KOBIA агенттігі және екі елдің бірқатар жеке компаниялары арасында меморандумдар бекітілді.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – экспортты қолдау жөніндегі ұлттық институттар QazTrade пен AZPROMO арасындағы өзара меморандум.

«Біз агроөнеркәсіп пен өндірістік кооперацияда үлкен мүмкіндік көріп отырмыз. Қазақстан әзербайжандық әріптестерімен бірге жаңа өндірістер ашуға, өңдеу мен қаптама саласын дамытуға және үшінші елдердің нарығына шығуға дайын. Кооперация біз үшін жай ғана ұран емес, компанияларға нақты келісім жасауға көмектеседі»,- деді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.