Кездесуге келгенде жаңа Салық кодексінің ережелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, сауда және ауыл шаруашылығы кешені үшін жеңілдетілген арнайы режимдер сақталады, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге табыстан 3% тұрақты ставка бойынша жеңілдетілген салық тәртібі енгізілді, ал агросектордағы заңды тұлғалар үшін ҚҚС жүктемесі төмендетілді.
ҚҚС негізгі мөлшерлемесі 16% деңгейінде белгіленді, ал арнайы режимдер бойынша жұмыс істейтін шағын бизнес ҚҚС төлеуден босатылған. Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен қайта өңдеушілерге салықтық преференциялар сақталады, соның ішінде ішкі өндіріс үшін қолданылатын импорттық шикізатқа ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған.
«Егер бизнес халыққа қызмет көрсетсе, қарапайым қызметтер ұсынса, шағын саудамен айналысса, жеңілдетілген салық жүйесі сақталады. Ал егер бизнес компанияларға қызмет көрсетсе, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істесе, ірі нысандар салса немесе ірі айналымы болса — бұл мүлдем басқа деңгей. Онда толық салық есептілігі болуы тиіс. Біз ашықтық принципіне сүйендік: қызмет оңай болған сайын, оны жеңілдетілген жүйе арқылы басқару оңайырақ», - деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев.
Ішкі нарықты қолдаудың негізгі бағыттары талқыланғаннан кейін, Қазақстанның Азаматтық Альянсы президенті Бану Нұрғазиева барлық тараптың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі кездесуге салалық үкіметтік емес ұйымдар, ассоциациялар мен отандық өндірушілер жиналды. Шынында да, азық-түлік қауіпсіздігі – бұл басты басымдық. Біз отандық өнімнің шын мәнінде бірінші орында тұрғанын, халықтың сапалы әрі денсаулыққа пайдалы өнім тұтынғанын қалаймыз. Бүгінде қазақстандық тауарларға сұраныс жоғары, сапасы да жақсы. Мемлекеттік органдар, бизнес және азаматтық сектор бірлесе отырып, отандық өндірісті дамытуға және көтеруге толық мүмкіндігіміз бар», – деді ол.
Кездесуді қорытындылай келе, қатысушылар мемлекеттің, бизнестің және азаматтық қоғамның әділ, бәсекеге қабілетті және ашық нарық құру үшін тұрақты диалог жүргізудің маңыздылығын атап, әрі қарай ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.