«QazTrade» АҚ ҚР Сауда және интеграция министрлігі және Халықаралық сауда орталығымен бірлесіп «ЕО Шекаралық көміртегі шығарындыларын түзету механизмі (CBAM): алюминий саласы мен Қазақстанның басым секторлары үшін сәйкестікке қойылатын талаптар және сауда салдары» тақырыбында вебинар өткізді. Іс-шара ЕО қаржыландыратын Ready4Trade Central Asia жобасы аясында өтті.
Еуропалық комиссияның (2024 ж.) деректері бойынша Қазақстаннан ЕО-на импортталатын тауарларда CBAM механизміне ерекше сезімтал болуы мүмкін 6 тауар санаты ерекшеленеді.
«QazTrade» АҚ Басқарушы директоры Нұрлан Құлбатыров вебинарды аша отырып, CBAM талаптарына бейімделу шұғыл шешімді қажет ететін міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа ережелер өндірістерді жаңғыртуға және Қазақстанның еуропалық нарықтағы сенімді жеткізуші ретіндегі ұстанымын нығайтуға түрткі бола алады.
Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып қала береді. 2024 жылы ол елдің барлық экспортының 37%-ын құрады. CBAM талаптарына әсіресе алюминий, тыңайтқыш және темір салалары сезімтал. 2024 жылы алюминий экспорты 662 млн. АҚШ долларын құрады, оның 225 млн. АҚШ долларынан астамы ЕО нарығына жөнелтілді. Бұл деректер Еуропалық Одақтың қазақстандық экспорт үшін стратегиялық бағыт болып табылатынын растайды.
Тыңайтқыштардың 17%-ы, яғни шамамен 40 млн. АҚШ доллары, ЕО елдеріне экспортталады, бұл да Еуропалық Одақ нарығының маңыздылығын көрсетеді. Темір экспортының тек 6,2%-ы ғана ЕО-на жеткізіледі.
Өз кезегінде Халықаралық сауда орталығының өкілі Фабиана Фонг ЕО-ның сауда және климаттық саясатына шолу жасап, CBAM-ның реттеу жүйесіне қалай енгенін түсіндірді.
Вебинардың ерекше құндылығы жекеленген сессиялардың практикалық сипатта өткенінде болды. Қатысушылар жаңа механизммен жұмыс істеу үшін экспорттаушыларға қандай қадамдар жасау керектігі туралы нақты түсініктемелер алды. Сондықтан бұл іс-шара алдағы уақытта CBAM әрекетінің тікелей әсеріне ұшырайтын өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін аса маңызды болды.
Атап айтқанда, Ey Consulting компаниясының аға менеджері Войцех Залевски алюминий және болат өнеркәсібінде CBAM талаптарын сақтау бойынша практикалық нұсқаулық ұсынып, шығарындыларды есепке алу мен есеп беру, деректерді верификациялау және экспорттаушылар мен импорттаушылар арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі бойынша жан-жақты тоқталып өтті.
Сессия барысында өткен пікірталастар үлкен қызығушылық тудырды. Кәсіпорын өкілдері шығарындыларды бақылаудың практикалық аспектілері, CBAM тізіліміне тіркелу, есеп беру процедуралары және көміртегі сертификаттарын сатып алу бойынша сұрақтар қойды. Бұл тақырыптың өзектілігі жоғары екенін және бизнесті сауданың жаңа талаптарына дайындау бойынша одан әрі жұмыс істеу қажеттілігін растайды.
Сондай-ақ, Женева халықаралық қатынастар институтының профессоры Жуст Пауйлен CBAM Қазақстанда өзінің жасыл стандарттарын дамыту үшін катализатор бола алатынын атап өтті. Копенгаген университетінің зерттеушісі Мариос Токас CBAM-ның ЕО-ның басқа экологиялық бастамаларымен байланысы туралы айтып, реттеуші тәсілдерді жақындастырудың маңыздылығын атап өтті.
Вебинарға еліміздің жетекші өнеркәсіптік компаниялары, соның ішінде «Qarmet» АҚ және Eurasian Resources Group (ERG) белсенді қатысты. Мемлекеттік органдардан климаттық және өнеркәсіптік саясатты қалыптастыратын: Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, сондай-ақ Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті негізгі құрылымдар ұсынылды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «QazTrade» АҚ ЭЫДҰ-мен бірлесіп, CBAM-ға бейімделу, төмен көміртекті технологияларды енгізу және өндірістің энергия сыйымдылығын төмендету бойынша Үкімет пен бизнеске арналған ұсынымдар ұсынылған Күрделі декарбонизацияланатын салалардағы Қазақстанның өнеркәсіптік экспорттаушылары үшін нұсқаулық дайындаған болатын. Құжат халықаралық тәжірибенің мысалдарын қамтиды және өтпелі кезеңдегі кәсіпорындарға тірек құралы бола алады.