Елдегі ауылшаруашылық жәрмеңкелері: бағалар, эмоциялар, статистика

Елдегі ауылшаруашылық жәрмеңкелері: бағалар, эмоциялар, статистика

Елдегі ауылшаруашылық жәрмеңкелері: бағалар, эмоциялар, статистика Өткен демалыс күндері өңірлерде 92 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған мыңнан астам фермер мен тауар жеткізуші қатысты. Жәрмеңкелердің негізгі мақсаты – сиыр етін нарықтағы бағадан төмендетілген бағада сату, сондай-ақ көкөніс, сүт өнімдері және өзге де маусымдық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ассортиментін кеңейту.

Сиыр еті Қарағанды облысында ең көп сатылған. 52 тоннадан астам ет өткізілді. Астана мен Алматыда да көрсеткіш жақсы. Елордада 45,5 тонна, Алматыда 35 тонна сиыр еті сатылды. Астанада еттің бағасы килограмына 3200-3500 теңге аралығында болса, Алматыда орташа баға 3150 теңгені құрады, бұл нарықтағы бағадан 5%-ға төмен. Екі қаладағы жәрмеңкелерге сұраныс жоғары болып, Астанада шамамен 40 мың, Алматыда 30 мыңнан астам тұрғын келді.

Ақтөбе облысында 25 тонна сиыр еті тұрақты 2700 теңгеден сатылды, бұл нарықтағы орташа көрсеткіштен 8%-ға төмен. Қостанай облысында 11 тоннаға жуық ет өткізіліп, килограмына орташа баға 2925 теңгені құрады. Шымкентте 6,2 тонна сиыр еті сатылып, орташа бағасы 3400 теңге болды.

Бірқатар өңірлерде сиыр етінің бағасы нарықтан едәуір төмен деңгейде белгіленді. Мәселен, Павлодар облысында орташа баға 2400 теңгені құрап, ресми көрсеткіштен 24%-ға төмен болды. Қызылорда және Түркістан облыстарында баға 2500 теңге деңгейінде сақталып, тиісінше нарықтан 18% және 13%-ға төмен болды. Ақмола облысында да 13%-дан астам төмендеу тіркеліп, 1,1 тонна ет өткізілді.

Еліміздің шығысында сатылым көлемі салыстырмалы түрде төмен болды. Шығыс Қазақстан облысында шамамен 1 тонна, Солтүстік Қазақстанда 0,6 тонна сиыр еті сатылды. Екі өңірде де бағалар нарықтан 10–14%-ға төмен болды. Маңғыстау және Атырау облыстарында сатылым көлемі 1 тоннадан аз болса да, жәрмеңкелердегі халықтың белсенділігі жоғары болды. Мәселен, Ақтаудағы жәрмеңкеге 30 мыңнан астам адам келді.

Жәрмеңкелер Жамбыл, Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы өңірлерінің облыс орталықтары мен ауылдық аудандарында да ұйымдастырылды. Бұл өңірлерде сиыр етінен бөлек көкөністер, сүт өнімдері, бал және өзге де жергілікті тауарлар ұсынылды. Жамбыл облысында қосымша 30 тоннадан астам бақша дақылдары, картоп және мал азығы сатылды.

Жалпы республика бойынша бір апта ішінде 203 тоннадан астам сиыр еті өткізілді. Орташа баға килограмына 3085 теңгені құрап, Ұлттық статистика бюросы тіркеген деңгейден 3,9%-ға төмен болды. Алдын ала есеп бойынша жәрмеңкелерге жалпы саны 190 мыңнан астам тұрғын қатысты.

Жәрмеңкелерді ұйымдастыру және өткізу күзгі маусымда да жалғасады. ҚР Сауда және интеграция министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жәрмеңкелердің географиясын кеңейтуді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұруды көздеп отыр.