20–21 қыркүйек күндері Астанада кезекті өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған 50 мыңнан астам тұрғын мен қонақ қатысты. Бұл шара елорда өміріндегі елеулі оқиғаға айналып, Абай және Атырау облыстарынан келген 200-ден астам тауар өндірушіні біріктірді. Жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрақ аумағында ұйымдастырылып, келушілер фермерлердің өздері өндірген өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Жәрмеңкеде ет, балық, сүт, түрлі бакалея өнімдері, сонымен қатар жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидек пен бал ұсынылды. Барлығы шамамен 400 тонна өнім саудаланды. Оның ішінде – 140 тонна ет пен ет өнімдері, 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 70 тонна бал, 50 тонна бақша өнімдері, 25 тонна балық және 15 тонна сүт өнімдері. Бұл шара елордада азық-түліктің қолжетімділігін арттыруға әрі отандық өндірушілерді қолдауға ықпал етеді.
Сонымен қатар жәрмеңке қонақтары Абай мен Атырау облыстарынан келген өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалап, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Жәрмеңке алдағы аптада да жалғасады. 27–28 қыркүйекте Алматы және Маңғыстау облыстарының өндірушілері елорда тұрғындарына өз өнімдерін ұсынады. Бұл жолы да қала жұртшылығы сапалы ауыл шаруашылығы тауарларын тиімді бағамен сатып ала алады.
Келушілердің ыңғайы үшін №18, 37 және 303 бағытындағы автобустар жүріп, Қарқаралы тас жолы, 1 мекенжайындағы жәрмеңке орнына қатынауды жеңілдетеді.