12 қыркүйекте Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес барысында техникалық реттеу саласындағы өзекті мәселелер қаралды.
ЕЭК Кеңесі ЕАЭО аясында стандарттау жөніндегі жұмыстарды үйлестіру тәртібіне өзгерістер енгізді.
Өзгерістер нақты сипатта. Атап айтқанда, мемлекеттік стандарттарды әзірлеуді (өзгерістер енгізу, қайта қарау) жоспарлау кезінде енді күшіне енген ЕАЭО техникалық регламенттерінің және оларға арналған стандарттар тізбелерінің ғылыми-техникалық деңгейіне міндетті мерзімді бағалау нәтижелерін ескеру мүмкіндігі қарастырылды.
Сондай-ақ, бұл өзгерістер ЕАЭО техникалық регламенттеріне арналған мемлекеттік стандарттарды әзірлеу бағдарламаларында мемлекеттік стандарттарлы әзірлеудің қайталану жағдайларын болдырмауға бағытталған.
Өзгерістер ресми жарияланғаннан кейін 30 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
ЕЭК Кеңесі парфюмерия-косметикалық өнімге қатысты техникалық регламентке өзгерістер қабылдады.
Парфюмерия-косметикалық өнім құрамына қойылатын талаптар нақтыланды. Атап айтқанда тыйым салынған заттар тізімі, белгілі шектеулермен қолдануға рұқсат етілген заттар, рұқсат етілген бояғыштар, консерванттар және УФ-фильтрлер тізімдері өзектендірілді.
Өзгерістер ресми жарияланғаннан кейін 12 айдан соң күшіне енеді.
Сонымен қатар, формальдегидке қатысты нормалар бойынша 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін өтпелі кезең қарастырылған: Қазір «формальдегид бар» деген таңбалау өнімдегі формальдегидтің теориялық концентрациясы 0,05%-дан асқан жағдайда талап етіледі.
2027 жылдан бастап бұл шек 0,001%-ға дейін төмендейді. Яғни, егер теориялық концентрация 0,001%-дан асса, онда қаптамада «формальдегид бар» деген жазуды көрсету міндетті болады.
Жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне қатысты техникалық регламентке өзгерістер қабылданды.
Құжатта сәйкестікті растау бойынша сертификаттау және декларациялау сұлбалары мен рәсімдері ЕЭК Кеңесінің №44 шешімімен бекітілген үлгі сұлбаларға сәйкестендірілді және қолданыстағы тәжірибе ескерілді.
Бір жыл ішінде сынақ хаттамаларын ұқсас өнімнің келесі партиялары үшін, сондай-ақ үш жыл бойы материалдар мен құрамдас бөліктердің сынақ хаттамаларын осы материалдар мен құрамдас бөліктер қолданылған сериялық өнімнің сәйкестігін бағалау кезінде қолдану мүмкіндігі регламенттелді.
Бұл түзетулер сәйкестікті бағалау рәсімдерінің бірізді қолданылуын және ЕАЭО-ның әрбір елінде жүргізілетін бағалау нәтижелерінің салыстырмалылығын қамтамасыз етеді.
Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріндегі сәйкестікті бағалау рәсімдерін жүйелі түрде қайта қарау жалғасуда.