Сауда министрлігі Қызылорда облысындағы экспорттаушыларды қолдайды

Сауда министрлігі Қызылорда облысындағы экспорттаушыларды қолдайды

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Қызылорда облысына іссапармен барды.

2025 жылғы қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша өңірдің ішкі тауар айналымы 479,9 млрд теңгені құрады. Облыста 25,2 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Өңір мұнай мен тұз өндіру, сондай-ақ күріш өсіру саласында маманданған өндірістік орталық болып табылады. Сауда құрылымының негізін мұнай өнімдері, құрылыс материалдары, автокөліктер, алкогольсіз сусындар, жуғыш заттар және өзге де тұтыну тауарлары құрайды.

Сапар барысында Вице-министр облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевпен бірге Жол картасы аясында жаңғыртылатын «Сыбаға» және «Сұлтан-2» базарларын аралады. «Сұлтан-2» базарында әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын, ал «Сыбаға» базары бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалғанымен, құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Вице-министр өрт қауіпсіздігі шараларының жоқтығына, автотұрақ орындарының жеткіліксіздігіне, сауда қатарлары арасындағы өтетін жерлердің тар болуына және стандарттарға сәйкес келмеуіне ерекше назар аударды.

«Бүгінгі таңда Жол картасына сәйкес 2025 жылға дейін 100 базар жаңғыртылуға тиіс. Қызылорда облысы бойынша Жол картасына 4 сауда базары енгізілген: «Асбол», «Сұлтан-2», «Талғат», «Сыбаға». Мемлекеттік қолдау облыстың 59 ішкі сауда субъектісіне, соның ішінде «Сұлтан-2» базарына көрсетілді», – деп атап өтті Айдар Әбілдабеков.

Жұмыс сапары аясында Вице-министр өңірдің жетекші өндірістік кәсіпорындарының жұмысымен де танысты. Күріш пен картоп өңдеуге маманданған «Абай Даулет» ЖШС өндірістік алаңында ол техникалық жабдықталу мен өндіріс үдерісін жоғары бағалады. Сонымен қатар, әңгімелесу барысында кәсіпорын өнімді экспорттай отырып, мемлекеттік қолдауға жүгінбегені белгілі болды. Вице-министр «Абай Даулет» ЖШС-на ағымдағы жылдың 11 қыркүйегіне дейін құжат тапсырып, шетелге өнім экспорттауға жұмсалған тасымал шығындарының бір бөлігін өтеуге мүмкіндік берілетінін атап өтті. Кәсіпорын өнімдерін Ресейге, Тәжікстанға, Моңғолияға, Украинаға және Өзбекстанға экспорттайды.

Сондай-ақ, Айдар Әбілдабеков ас тұзы мен күріш өңдейтін «Алтын Орда» ЖШС зауытында болып, кәсіпорын басшылығымен өнім сапасы мен экспорттық әлеуетіне қатысты мәселелерді талқылады. Кәсіпорын өнімдерін Ресейге, Латвияға, Литваға, Эстонияға, Беларусь пен Қырғызстанға экспорттайды.

Вице-министр «СПК» және «Техноснастка» ЖШС бірлесіп салған жаңа коммуналдық базар мен шағын өнеркәсіптік паркті аралады. Нысандар ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмысын бастайды. Сондай-ақ, ол «Байқоңыр» ӘКК тұрақтандыру қорының көкөніс қоймасының жұмысымен және өңірлік «Қызылорда Оптомаркет» желісінің нысандарымен танысты.

Жұмыс сапары облыс тұрғындарымен және жергілікті бизнес өкілдерімен кездесумен қорытындыланды. Әңгімелесу барысында Айдар Әбілдабеков азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, жеке қабылдау өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді.

Кездесу барысында Қызылорда облысының шыны өндірушісі – «Orda Glass Ltd» компаниясының атқарушы директоры Сюй Цзяньцю Вице-министрге жүгінді. Кәсіпорын тамыз айынан бастап теміржол тарифтерінің қымбаттауына және жаңа кедергілерге байланысты (кедендік рәсімдеу құнының өсуі, қосымша сертификаттаудан өту) Өзбекстанға шыны жеткізуде қиындықтарға тап болған.

Вице-министр бұл мәселелерді жеке бақылауына алатынын атап өтті. Сонымен қатар, шығындарды өтеу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін «QazTrade» Орталық экспортты дамыту орталығына жүгінуге кеңес берді.

Сапар соңында Вице-министр Қызылорда облысының жоғары әлеуетін атап өтіп, бизнес мәселелерін шешуде, соның ішінде өнімді сыртқы нарыққа шығаруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ, ол өңір кәсіпкерлерін ҚР Сауда және интеграция министрлігі ұйымдастыратын сауда-экономикалық миссияларға және көрмелерге қатысуға шақырды.