Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 180 «Елеулі маңызды тауарлар тізбесін бекіту туралы» бұйрыққа толықтырулар әзірлеуді аяқтады. Өзгерістер маңызды тауарлар тізбесін қосымша тауар позицияларымен кеңейтуді көздейді.
«Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 2-тармағына сәйкес маңызды тауарлардың тізбесі уәкілетті органмен орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде айқындалады. Тізбені қалыптастыру және өзектендіру ішкі нарықтың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады, сондай-ақ жекелеген тауар түрлерінің тапшылыққа ұшырау тәуекелдеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Аталған бұйрық жобасы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ұсынысы бойынша әзірленді. Тізбеге фанера, болат дайындамалар, түсті металдардан жасалған дайындамалар және кейбір мойынтірек түрлері сияқты позицияларды енгізу ұсынылады.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі аталған бұйрық жобасын жариялады, жоба бойынша жария талқылау 2025 жылғы 14 тамыз бен 29 тамыз аралығында «Ашық НҚА» интернет-порталында өтеді (сілтеме: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15576573 ).