Қазақстан Түрікменстанның Аваза қаласында өтіп жатқан теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге (LLDC) арналған БҰҰ конференциясына қатысты. Іс-шара аясында QazTrade компаниясының «Экспорттық акселерация - 2025» бағдарламасына қатысушылар өз өнімдерін халықаралық қауымдастыққа ұсынды.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың конференцияға қатысуы еліміз үшін өңірлік сауда байланыстары мен ынтымақтастықтың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындап берді.
Қазақстанның ұлттық павильонында агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңдеу, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика және экспортқа бағытталған инновациялық жобалар салаларындағы компаниялар өз өнімдерін таныстырды. Көрмеде ұсынылған тауарлар халықаралық нарыққа шығуға дайын екенін және үлкен экспорттық әлеуетке ие екенін көрсетті.
Конференцияның басты назарында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Асет Нүсіповтың баяндамасы болды. Ол өз сөзінде:
«Теңізге тікелей шығатын жолы жоқ ең ірі ел ретінде біз географиялық шектеулерді стратегиялық артықшылықтарға айналдырдық», – деді.
Сондай-ақ, вице-министр Қазақстанның көлік-логистика инфрақұрылымына және цифрлық шешімдерге белсенді түрде инвестиция салып жатқанын баяндады. Елде «KEDEN» жүйесі іске қосылып, цифрлық сауда дәлізі құрылды. Бұл шаралар Орта дәліз бағыты бойынша жүк тасымалын 63%-ға арттыруға және 2024 жылы контейнерлік тасымал көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, Қазақстанның SPECA елдерімен тауар айналымы 10 млрд АҚШ долларына жетіп, оны алдағы жылдары екі есеге көбейту көзделіп отыр. Ал электрондық сауда нарығы 2024 жылы 60%-ға өсіп, 6 млрд долларға дейін ұлғайды.
Қазақстандық өнімдер шетелдік делегациялар тарапынан жоғары бағаланып, сапасы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша оң пікір алды.
«Конференция B2B байланыстар орнатуға, қазақстандық брендтерді танытуға және еліміздің сенімді әрі әлеуетті сауда әріптесі ретіндегі беделін нығайтуға зор мүмкіндік береді», – деді QazTrade компаниясының Экспорттық акселерация және оқыту тобының бас менеджері Әлімжан Умаров.