СИМ – де Сауда және интеграция мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Кеңеске қатысушыларды құттықтаған Қоғамдық кеңестің төрағасы Руслан Шаекин кеңес жұмысының маңыздылығын атап өтіп, министрлік үшін халық пен бизнес тарапынан келетін кері байланыстың аса қажет екенін жеткізді.
Отырыста жеткізушілерді тіркеу немесе қайта тіркеу кезінде сауда желілерінің салық салу тәртібі, Қазақстанда шетелдік маркетплейстер арқылы жүзеге асырылатын электрондық сауданы реттеу мәселелері қаралды.
ЕАЭО ортақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығын құру аясында Қазақстан аумағында дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сынақтан өткізуге аккредиттелген зертханалардың жоқтығы,жас кәсіпкерлердің даму институттары мен екінші деңгейлі банктер арқылы мемлекеттік қаржыландыру бағдарламаларына қол жеткізу мәселесі де осы жиында сөз болды.
Кеңес мүшелері сауда саясатының өзекті мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстарды әзірледі.
«Қазақстан Сауда желілері одағы» ЗТҰ басқарма төрағасының орынбасары Әлбегі Әбдиев жеткізушінің тіркеуі немесе қайта тіркеуі жарамсыз деп танылған жағдайда салық төлеушіден салық өндіру тәжірибесін жоюды ұсынды. Оның айтуынша, кедендік декларациясы бар импорттық тауарларға артықшылық жасалады және мұндай жағдайда салық төлеуші жеткізушінің тіркеуі жарамсыз деп танылған күннің өзінде қосымша салық төлемеуі тиіс.
«Bastama» институтының президенті Темірлан Жақыпбеков маркетплейстерде қызмет атқарып жүрген субъектілердің жұмыс барысы жайлы баяндады. Ол Қазақстан Республикасының резиденті емес әрі тұрақты өкілдігі жоқ компаниялардың заң бұзушылыққа жол беріп отырғанын айтты. Соның салдарынан пайдадан салық төленбейді,тұтынушылармен дауларды шешу мүмкін болмайды,тауар ҚР талаптарына сәйкес келмейді (мысалы, санитарлық нормалар),мемлекет тарапынан бақылау жүргізілмейді,маркетплейстер тауар сапасына жауап бермейді деді Жақыпбеков.
Өз кезегінде Сауда және интеграция министрлігінің электрондық және биржалық сауда департаментінің директоры Ғалия-Бану Мейірбаева елімізде электрондық сауданы дамытуға қатысты шараларды таныстырды. Оған заңнаманы жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту, қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары, сондай-ақ трансшекаралық сауданы ілгерілету кіреді.
Отырыста талқыланған маңызды тақырыбтың бірі – Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сынақтан өткізуге арналған аккредиттелген зертханалардың жоқтығы болды.
«Фарммединдустрия Қазақстан» қауымдастығының атқарушы директоры Гүлдәрия Манақпаева қазіргі таңда зертханалық инфрақұрылымды қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Оның ішінде, Ұлттық сараптама орталығының зертханаларына аккредитацияны жаңарту және қалпына келтіру,уәкілетті ұйымдар тізімін кеңейту (жекеменшік аккредиттелген зертханаларды қоса алғанда),GLP талаптарына сай зертханалық әдістердің ашық тізілімін жариялау қажет.
Барлық зерттеулер GLP сертификаты бар зертханаларда жүргізіліп, әдістердің валидациясы, деректердің толық қадағалану мүмкіндігі, мұрағатталуы және стандартты операциялық рәсімдердің сақталуы қамтамасыз етілуі тиіс.
Талқылаулар барысында кеңес мүшелері ұсыныстарын білдіріп, олардың барлығы қабылданған хаттамаға енгізілді.
Келесі Қоғамдық кеңес 2025 жылғы қыркүйек айына жоспарланды.