Комитеттің жартыжылдық есебі: тұтынушылардың құқықығын қорғаудағы нақты деректер мен сандар

Комитеттің жартыжылдық есебі: тұтынушылардың құқықығын қорғаудағы нақты деректер мен сандар

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметтің қорытындысына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Отырысқа аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерінің басшылары, сондай-ақ Техникалық реттеу және метрология комитетінің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты. Алқа отырысын Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков ашып, жүргізді.

Күн тәртібінде тұтынушылардың өтініштерін қарау нәтижелері, мемлекеттік бақылау тәжірибесі, сот арқылы құқық қорғау шаралары, «Сапалы өнім» жобасының іске асырылуы және аумақтық департаменттердің есепті кезеңдегі жұмысының тиімділігі қаралды.

2025 жылдың алғашқы алты айында Комитет пен оның аумақтық бөлімшелері 37 090 өтініш қарады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 151,8 пайызға артық. Өтініштердің  63,8 пайызы еOtinish және ОДО платформалары арқылы , 21,4 пайызы жедел желі арқылы , 3,9 пайызы  Telegram-бот арқылы , сондай-ақ 10,9 пайызы жеке қабылдаулар барысында түсті. Ең жиі көтерілген мәселелерге бөлшек сауда, электронды коммерция, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері, тұрмыстық қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану салаларына қатысты шағымдар жатады.

Азаматтардың өтініштері негізінде аумақтық департаменттер 618 кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108 пайызға артық. Ең көп тексерулер Шымкент қаласында, сондай-ақ Астана қаласы мен Түркістан облысында тіркелді. Тексеру нәтижесінде 351 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 12,3 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. 331 субъектіге ескерту түрінде жауапкершілік шаралары қолданылды.

Азаматтардың құқықтарын сот арқылы қорғау шеңберінде Комитет 82 сот процесіне қатысты, оның ішінде тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында 8 талап-арыз берілді. Тексеру нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 215 нұсқама шығарылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушылардың құқықтары 1,3 миллиард теңге сомасында қорғалды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 170 пайызға жоғары. Ең ірі өтемақы сомалары Алматы, Астана және Шымкент қалаларының департаменттері арқылы қамтамасыз етілді.

Комитет үш негізгі санат бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың 200 жағдайын тіркеді. Атап айтқанда, 42 тұтынушыға 5 миллион теңгеден астам сомада жалпы 923,3 миллион теңге өтемақы төленді. Бірдей мәселе бойынша шағымданған 89 тұтынушыға 27,7 миллион теңге, ал белгісіз тұтынушылар тобына қатысты 69 жағдайда 14,3 миллион теңге өтелді.

«Сапалы өнім» жобасы аясында тауар сапасына іріктеп бақылау жүргізілді. Барлығы 346 өнім үлгісі сатып алынды. Оның 50 пайызында заңбұзушылықтар анықталды. Анықталған кемшіліктердің 80 пайызы таңбалау талаптарына сәйкес келмеу, ал қалған 20 пайызы санитариялық талаптардың бұзылуы, өнімнің жарамдылық мерзімінің өтуі, құрамның сәйкессіздігі немесе тиісті құжаттардың болмауы секілді фактілермен байланысты болды. Анықталған бұзушылықтар негізінде 60 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алқа отырысының қорытынды бөлімінде құқықбұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін сақтау мәселелері қаралды. Аумақтық департаменттердің басшыларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, мүдделер қақтығысына жол бермеу, этика нормаларын сақтау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ай сайынғы оқыту іс-шараларын ұйымдастыру тапсырылды.

Комитет тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады. Алдағы кезеңде қызмет көрсету сапасын арттыру, кері байланыстың ашықтығын қамтамасыз ету және өңірлік деңгейде жеке жауапкершілікті күшейту басты басымдықтар қатарында болады.