Базарларды жаңғырту барысы - Сауда министрлігі артта қалған өңірлерді атады

Базарларды жаңғырту барысы - Сауда министрлігі артта қалған өңірлерді атады

ҚР Сауда және интеграция министрлігінде Арман Шаққалиевтің төрағалығымен сауда базарларын жаңғырту жөніндегі Жол картасын іске асыру барысына арналған жиын өтті. Жиын барысында Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков баяндама жасады.

Комитет төрағасының айтуынша, 2024 жылдың наурыз–маусым айлары аралығында еліміздің барлық өңірлерінде көшпелі іс-шаралар өтті. Сапар барысында комитет басшылығы әкімдіктермен, мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесе отырып, Жол картасына енгізілген базарларды аралап, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады.

«Қазіргі таңда еліміз бойынша 46 сауда базарында жаңғырту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Мысалы, Шымкент қаласында - "Авто Нұр" және "Жоғарғы базар", Ақмола облысында - "Шығыс базар", Атырау қаласында - "Көктем", ал ШҚО-да - "Заря" және "Заречный" базарлары. Кейбір базарлардағы жұмыстар биыл аяқталса, кейбірінің құрылысы келесі жылдың басына дейін жалғасады. Алайда кейбір базарларда құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Кестеден кешігу немесе жұмыстардың дер кезінде басталмауы, негізінен, жобалық-сметалық құжаттаманы ұзақ уақыт келісу мен инженерлік желілерге қосылу мәселелеріне байланысты болып отыр. Жұмыс жалғасуда, дегенмен біз жергілікті атқарушы органдар тарапынан жедел әрі тиімді қолдау күтудеміз», – деді Айдар Әбілдабеков.

Сондай-ақ, комитет төрағасы кәсіпкерлерден техникалық құжаттамаларды ұзақ мерзімде келісу мәселесіне қатысты көптеген шағымдар келіп  жатқанын жеткізді.

Өңірлерге жасалған сапарлардың нәтижесі бойынша әкімдіктерге техникалық шарттар мен рұқсат құжаттарын алу рәсімдерін жеделдету, сондай-ақ базар иелеріне түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде ұсыным хаттар жолданған.

Министр Арман Шаққалиев кеңес барысында жаңғырту жұмыстары бойынша артта қалған өңірлер -  Астана қаласы, Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының жағдайын жеке қарады. Аталған өңірлерде жұмыстар талапқа сай жүргізілмей отырғаны алаңдаушылық тудыратынын және процесті жеделдету үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Мен баршаңызға ескерту жасаймын, 2026 жылдан бастап жаңғыртылмаған базарлар жұмыс істей алмайды. Жергілікті атқарушы органдар мен базар иелері арасындағы үйлесімді іс-қимылсыз нысандарды заң талаптарына сай келтіру мүмкін емес. Сауда және интеграция министрлігі жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыру үшін барлық құқықтық тетіктер мен құралдарды әзірледі. Алайда бұл жұмыстар жергілікті жерлерде әкімдіктердің белсенділігін және бизнестің жауапкершілігін талап етеді. Заңмен белгіленген мерзімге небәрі алты ай қалды. Енді уақытын ұзарту қарастырылмайды. Кез келген әрекетсіздік, мерзімді кейінге шегеру немесе формализм – бұл заң бұзушылық әрі ондаған мың кәсіпкердің құқығына қауіп төндіру. Әр өңір үшін жауапкершілік  жеке қарастыралады. Біз барлық нысандағы кешігулерді тіркеп отырмыз», -  деді Арман Шаққалиев.

Министр, сондай-ақ, базарларды жаңғырту уақыт талабы екенін, әрі бұл үрдіс көлеңкелі экономиканы азайтуға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жүргізілген хронометраж нәтижелері мұны дәлелдеп отыр - 2024 жылы бюджетке қосымша 1,3 млрд теңге түскен.