Астана қаласында Қоғамдық кеңес төрағасы Руслан Шаекин мен Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Аппарат басшысы Азамат Каримовтың төрағалығымен Сауда және интеграция мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Отырысқа Туризм және спорт, Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау министрліктерінің, Республикалық жекеше сот орындаушылар палатасының және басқа да мекемелердің өкілдері қатысты.
Отырыста туристік саладағы тұтынушылардың құқықтарының бұзылуы, техникалық реттеу саласын цифрландыру және ашықтықты арттыру, ішкі өндірісті дамыту және импортты алмастыру, сондай-ақ тұтыну тауарларының сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.
«Ұлттық тұтынушылар палатасы» РҚБ төрағасы Арслан Карханов кейбір туристік компаниялар тарапынан орын алатын адал емес әрекеттерді атап өтіп, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Талқылау барысында мүдделі министрліктер мен ұйымдардың өкілдерінен құралған жұмыс тобын құру қажеттігі туралы шешім қабылданды.
Өз кезегінде, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тұтунышы құқығын қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, құқығы бұзылған азаматтардың мәселесі бойынша сот процестеріне қолдау көрсетіп, қатысып жатқанын атап өтті.
«Техникалық реттеу және метрология жүйесіне қатысушылардың қазақстандық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Дмитрий Савеленко техникалық реттеу саласындағы делдалдық схемалар мәселесін көтеріп, бұл мәселені сараптамалық кеңесте қарауды ұсынды.
«Қазақстан диірменшілер одағы» ЗТБ вице-президенті Әлихан Талғатбек ел аумағында тұтыну тауарларының айналымын бақылауды күшейту және импортты реттеу тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Талқылау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері жоғарыда аталған мәселелерді мемлекеттік органдар мен сараптамалық қоғамдастықтың қатысуымен одан әрі пысықтау үшін тұтыну тауарларын реттеу мәселелері жөніндегі арнайы алаңда қарау қажет деген шешім қабылдады.