
Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшы ретіндегі орнын нығайтуда. Бұл – халқы 80 миллионнан асатын және ЖІӨ өсімі тұрақты өңір. Бүгін Астанада ашылған Халықаралық сауда форумында осы пікір нақты айтылды.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Голамреза Нури, Қытай мен Пәкістанның елшілері, сондай-ақ 200-ден астам бизнес және сарапшылық қауымдастық өкілдері қатысты.
«Бүгінде Қазақстан – Шығыс пен Батысты байланыстырушы ғана емес, сонымен қатар сауда, инвестиция және инновация орталығы. Біз өңірдің ірі сауда-логистикалық хабына айналу мақсатына нық қадам басып келеміз», – деді форумды ашқан Арман Шаққалиев.
Пәкістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Науман Башир Бхаттидің айтуынша, 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 239 млн АҚШ долларына жетті. Елші екіжақты сауданың нақты әлеуеті бұдан да жоғары екенін атап өтті. Ол ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі бағыттары ретінде транзитті, тұтыну тауарларын (FMCG) және электрондық коммерцияны атады.
«80 миллион халқы бар, ЖІӨ мен жан басына шаққандағы табысы өсіп келе жатқан, сенімді электрондық сауда платформалары, финтех шешімдері және өңірлік байланыстары дамып жатқан Орталық Азия – экономикалық өсудің зор әлеуетіне ие. Осы бастамалардың барлығында Қазақстан алдыңғы қатарда тұр. Сондықтан Пәкістан өңірмен, соның ішінде Қазақстанмен серіктестікті кеңейтуге үлкен мән береді», – деді Науман Башир Бхатти.
ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлиньнің айтуынша, Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі соңғы сегіз жыл бойы тұрақты өсіп келеді және 2024 жылы Қытай деректері бойынша 43,8 млрд АҚШ долларына жетіп, рекордтық көрсеткішке ие болды.
«2024 жылы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы жалпы сауда көлемі 94,8 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,4 млрд долларға артық. Қытай компаниялары Орталық Азияға инвестиция салуда өз қызметтерін әртараптандырып жатыр», – деп атап өтті елші Хань Чуньлинь.
Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Голамреза Нури климаттық және геосаяси өзгерістер ауыл шаруашылығына және елдер арасындағы саудаға әсер етіп жатқанын айтты. Сонымен қатар ол Қазақстан мен Иран арасында сауда қатынастары бір жолға қойылғанын, сондай-ақ Қытаймен белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Форум қатысушыларының пікірінше, Қазақстан бүгінде Еуразияда сауданың жаңа инфрақұрылымдық өзегін қалыптастыруда. Трансауған бағыттарын іске қосу бойынша жұмыстар жүріп жатыр, құрлықтық және теңіз дәліздері қарқынды дамуда. Қазақстандық және пәкістандық логистикалық компаниялар жүктерді Қытай мен Ауғанстан арқылы тасымалдап, Орталық Азияны Карачи және Гвадар порттарымен байланыстыруда.